2018 жыл Қазақстан үшін біршама қиындықтар әкелгендігі түсінікті. Теңге құнсызданып, экономиканың құлдырауына әкеліп соқты. Бұдан бөлек, мұнай бағасының да жағдайы мәз емес. Сонымен қатар, түрлі қылмыстар көбейіп, ішкі саяси жағдайлар да біршама ушықты.
Әйтсе де, өтен жылдың соңына қарай тариф бағалары төмендеп, ұстаздар мен тәртіп сақшыларының жалақысы өсетіндігі көптеген халықтың үмітін қайта жаққандай болды. Бірақ, мұның барлығы биыл қандай жағдайларға алып келуі мүмкін. Себебі, саясатта әрбір іс шахмат жүрісі іспетті бір қадам әрі ойлаудың арқасында болатындығы түсінікті. Осы орайда назарларыңызға тәжірибиелі экономист Мақсат Халық пен саяси сарапшы Расул Жұмалының 2019 жылға болжамын ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Саясаткер, Расул Жұмалы:
Биыл сайлау болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Билік басындағылардың басына не келсе, соны істей салады. Бұған дейін де бізде соңғы 15 жылда өткен президенттік, парламенттік сайлаулардың барлығы заңда белгіленген уақыттан тыс өткен болатын. Қазір де мұндай қадамға бара салуы әбден ықтимал. Елдегі дағдарысты жағдай, халықтың ашынуы, мұның барлығы тым күрделеніп кетудің алдында. Осыған байланысты билік қайтадан мерзімін созып алудың ретін қарастырып отырған сыңайлы. Негізі бұл жақсы дәстүр деп өз басым ойламаймын. Қайта-қайта сайлаудың кезектен тыс өткізілуі, мемлекеттің өзінің заңдарына деген көзқарасының көрсеткіші емес пе. Өз заңдарын өзі орындамайтын болса, өзі белгілеген сайлауды мерзімінен ерте өткізе беретін болса, бұл қаншалықты заңның орындалатынын көрсетіп тұр. Биліктің өзі заңға немқұрайлы қарайтын болса, басқалардан қалай талап етуге болады. Жалпы сайлау деген бұл демократиялық қатысулар, уақытында өтуі шарт. Өркениетті мемлекеттер дейміз ғой, соларды алып қарасақ, мысалы, Британия болсын, Франция болсын, Америка Құрама Штаттары болсын кезінде тіпті төтенше жағдай болғанда ғана кезектен тыс сайлауларды өткізетін. Яғни, өз заңдарына құрметпен қарайды. Бізде өкінішке орай басқа. Сондықтан осы 2019 жылы сайлау өте ме, өтпей ме бұл биліктің өзінің ұстанымы. Бірақ, бұл біздегі сайлауды толыққанды сайлау деп айтуға келмейді. Себебі, сайлау болу үшін қоғамда азаматтарды таңдау болу керек, таңдау болмайтын болса, ол қандай сайлау болмақ. Сайлау бірнеше ұсыныстың арасынан, бірнеше саясаткердің немесе бағдарламалардың арасынан көңіліңізден шыққан біреуді таңдау. Біздегі сайлауда ондай таңдау жоқ. Бұрынғы билік өзінің мерзімін жаңадан созып алады. Бұл енді сайлау дегенге онша келіңкіремейді.
Сонымен қатар, егер сайлау бола қалған жағдайда одан қандай да бір тың жаңалық күтудің қажеті жоқ. Себебі, бұған дейін де кезектен тыс қаншама сайлаулар болды. Сол баяғы жартас, сол жартас қала береді. Баяғы шенділерде өздерінің орнындарында қала бермек. Мұндай жағдайлар осы уақытқа дейін өмірдің жақсаруына алып келген жоқ.
Бұдан бөлек, өзіміздің ішімізде де дағдарыс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қай саланы алып қарасақ та экономика, қаржы, теңгенің бағамы, әлеуметтік мәселелер барлығына үңіліп оңып тұрған бірде бір саланы айта алмаймыз. Жастар мәселесі, ауыл шаруашылығы яғни дағдарыстың жағдайы өз ішімізде, оны асқындырып отырған меніңше ол басқару жүйесінің, саяси жүйенің ескіргені, реформасыз қалуы, қазіргі түйіткілдерге кәсіби деңгейде, мемлекетшілдік деңгейде жауап беруге дайын болмауы сонымен қатар, жемқорлықтың асқынуы бұл да біздің ең асқынған дерттеріміздің бірі. Маңызды шешімдердің халықтың мүдесімен санаспай жабық есік жағдайында қабылдануы, сырттағы қарыздың өсуі, қазірдің өзінде 170 миллиард доллардан асып отыр. Бұл дегеніміз жан басына шаққанда 9 мың доллардан астам қарызбыз деген әңгіме. Енді мынау формальды түрде қабылданатын шешімдерге қарамастан, олардың іске асып жатқаны шамалы. Ал, дағдарысты жағдайды біз әлемдік рейтингілерден байқаймыз. Экономиканың өсімі, түрлі келеңсіз жағдайлар, сөз еркіндігінің жоқтығы, жемқорлықтың асқынуы, қылмыстың көбеюуі, әсіресе жастардың арасындағы елге келген мигранттардың көбеюуі биыл да асқынатын түрі бар. Себебі, біздегі көптеген мәселелер шешілмейді. Сондай-ақ, мұндай мәселелер талқыланбайды, себептері анықталмайды. Жылы жауып қоюға, үндемей қалуға немесе шектеуге, тыйым салуға, қит етсе соттауға дайын тұратын мемлекетіміз барлық мәселелерді өстіп шешіп келеді.
Тіпті, жылдың басы Қарағандыдағы қайғылы жағдайдан басталды. Халықтың наразылығы, жастардың митингіге шығуы бұл да бір жағдайдың ушыққандығының көрінісі. Неліктен 2019 жылы бұл мәселелер сақталады? Себебі біздегі ескірген саяси жүйенің өзгеретін қалпы жоқ. Ондай ұстанымы, ерік-жігерін байқап отырғанымыз жоқ. Сондықтан, ескі әрекеттер мен ұстанымдар бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызбайды. Осы себепті 2019 жылы аталған мәселелер күрделене түспек.
Енді Қазақстанның жағдайына әсер ететін сыртқы факторлар да біз үшін жағымды болып отырған жоқ. Оның ішіндегі біздің экономикамыздың арқа сүйегені мұнай бағаларының төмендеуі мұның барлығы кері әсерін тигізуде. Мұндай жағдайлар Қазақстанның экономикасына, әлеуметтік жағдайына үлкен сын болып отыр. Екіншіден, Қазақстанның жағдайына кесірін тигізіп отырған, бұл Ресейге тәуелділігі. Еуразиялық Экономикалық одақ шеңберінде бірталай лауазымдарымызды осы ұйымға беріп қойғанымыздың кесірі, қазір ресейде болып жатқан барлық келеңсіздік қазақстанға да кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, 2018 жылдан бері Ресейдің бүкіл әлеммен араздасып отырғаны, санкциялардың құрсауына түскені, бұл Ресейдің өзіне де онымен бірге оған тәуелді Қазақстанға да өзінің кері әсерін тигізіп отырғандығын байқап отырмыз. Яғни, осындай сыртқы факторлардың әсері оның ішіндегі екі мемлекет Ресей мен Қытайға тәуелділігіміз артып келе жатқаны, өзіміздің дербес тәуелсіз саясатымызды жүргізе алмауымыздың кесірі 2019 жылы осы мәселелердің ушығатын түрі бар.
Ал, 2019 жылы жаңа реформалар болама дегенге келсек, бұған биліктің өзінің барғысы жоқ. Қазіргі жағдайды мейлінше ұзақ мерзімге сақтап қалуға тырысуда. Жалпы Халықаралық, әлемдік практикаға жүгінетін болсақ, кез-келген билік өздігінен реформа жасамайды. Тек қана мәжбүр болғанда, басқа амалы қалмағанда ғана осындай әрекеттерге барады. Яғни билігін халықпен бөлісу үшін ғана жасайды. Халықтың алдында есеп беру, қабылдаған шешімі үшін жауапкершілігін сезіну, бұған біздің билік бір күні ояна салып, мен бұған дейін ағаттық жасаппын, енді басқаша істеймін деп өздігінен ешқашан жасамайды. Сондықтан, 2019 жылы биліктің өзі осындай қадамға бару не ғайбыл. Алайда, қоғамның өзі оянып, табандылық танытатын болса, азаматтық қоғам ретінде белсенділік танытатын болса және мәжбүрлейтін болса, ашықтыққа, демократияның орындалуына, жалпы конституцияда жазылған құндылықтардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуы барлығының заң алдында теңдігі, сөз бостандығы, бірінші кезекте адамның игілігі, адамның өмірі, қазақ тілі - мемлекеттік тіл, мұның барлығы біздің конституцияда жазылған. Бірақ, мұның барлығы орындалып отырған жоқ. Сөз бостандығы, сенім бостандығы, митингке шығу бостандығы, іс жүзінде мұның барлығына бізде тыйым салынған. Барлығына цензура! Неліктен? Себебі, қоғамның өзі белсенділік танытпайды. Сондықтан, егер 2019 жылы қандай да бір өзгеріс болатын болса, қоғамның өзінің еті тірі болатын болса, өзі белсенділік танытатын болса, сонда үміт бар. Егер осылай қала беретін болса, ешкім сырттан келіп Қазақстанның шаруасын істеп бермейді. Көз жұмып, ауызды жұмып отыратын болсақ, онда тың нәтиже күтудің қажеті жоқ. Сондықтан көп нерсе қоғамның өзіне, азаматтардың өзіне байланысты!
Экономист, Мақсат Халық: Ең бірінші 2018 жылы есте қалған үлкен жағдай, ол теңгенің құнсыздануы ерекше орын алды деп айтуға болады. Себебі, еркін айналымға өткелі үш жыл өтсе де, былтыр теңге біраз құнсызданған тенденцияны көрдік. Оның негізі себебі, АҚШ-тың федералды регистр жүйесі доллардың бағалық пайыздық мөлшерлемесін мақсатты түрде ұзақ мерзімде көтеріп келе жатқандығы өз әсерін тиізуде. Өткен жылдың өзінде төрт мәрте көтерген. Мысалы, көктемде 1,72 пайызға бұдан кейін жазда 1,75 пайызға тағы да бір рет өзгертті. Ал, тамыз айында 2,25 пайызға, 2018 жылдың желтоқсанында екі жарым пайызға арттырған. Алғашқы екеуі қатты бір әсерін берген жоқ, өйткені ол уақыттарда теңгеге сұраныс көп болды да, біраз ірі компаниялыр мемлекет алдындағы салықтық берешектерін өтеп жатқандықтан, теңге жылдың басында күшін сақтап тұрды. Ал, енді жылдың соңына қарай қарайтын болсақ, тамыз айындағы көтерілу қатты әсер еткендігін аңғаруға болады. Тіпті халықтың арасында доллар 400-ден асып кетеді деген түрлі қауесеттер тараған. Бәрі жаппай долларды сатып ала бастады. Бұдан кейін 2018 жылдың желтоқсан айындағы доллардың көтерілуі теңгенің құнсыздануына бірден қатты әсер етті.
Енді осы жағдайға байланысты Ұлттық банк қандай әрекет жасады дегенге келер болсақ, 2018 жылдың қыркүйек айында халықтың арасындағы девольвацияның алдын алу үшін интервенция жасады. Теңгеге қуат беру үшін 520 млн долларды жақты. Бұдан бөлек, қазан айында теңгенің бағалық пайызын 9 пайыздан 9,27 пайызға арттырды. Осы жағдайлар теңгенің осы күнге дейін сақталуына, қуаттылығын ұстап тұруға өзінің әсерін тигізіп келеді.
Бірақ, биыл жылым қандай болжам? Келер жылы осы федералды регистр жүйесі тағы да доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтере береді деген болжам бар. Егер де ондай болатын болса, онда жалпы біздің ғана экономикамыз үшін ғана емес, дамушы елдердің экономикасына кері әсерін тигізетіндігі рас. Көптеген экономистер 90-шы жылдардағы «Азия дағдарысы» кезінде, АҚШ-қа қарай азия елдерінің капиталы аусқан. Сол себепті азия елдерінде дағдарыс орнаған деп айтады. Сол тенденция қайталануы мүмкін. Өйткені, доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесі көтерілетін болса, әлемде доллардың құны артады және де доллардағы құнды қағаздардың пайыздық бағасы да артады. АҚШ-та қаражат сақтау тиімді болады. Сондықтан инвесторлардың назары енді дамушы елдерде тәуекелге барып инвестиция жасағаннан гөрі, АҚШ-тың құнды қағаздарына сатып алып, пайыздық үстемесімен табыс тауып тыныш жатқан жақсы деп ойлайды. Сөйтіп капиталдың негізгі бөлігі дамушы елдерден АҚШ-қа қарай ауысады. Бұл ең ірі дағдарысқа алып келуі мүмкін деген болжам бар.
Бірақ, Дональд Трамптың өзі федералды резистр жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жатқанына қарсы екендігін айтып отыр. Сонымен қатар, осы федералды регистр жүйесінің төрағасын ауыстырып тастай алатын болса, онда, кішкене көңіліміз тоқ болады деп айтуға болады. Қалыпты тұрақтылық сақталуы мүмкін. Ал, ондай жағдай болмаса, аяғы қиын жағдайға алып келуі де ғажап емес.
Бұдан кейін әлемдегі шиеленістердің көптеп бара жатқандығы да экономиканың дамуына кері әсерін тигізуде. Бұрын мемлекеттер өзара біз интеграциялану керекпіз деп айтатын. Дүниежүзілік сауда ұйымна мүше болуға тырысатын. Осы орайда мемлекеттер бір-бірімен сауда жасау үшін тиімді шарттар ұсынатын. Тарифтерін түсіретін. Осындай тенденция бұрын көп еді. Алайда, қазір керісінше мемлекеттер жабық саясат жүргізе бастады. Мұны экономикадағы протикцианизм деп атайды. Ішкі нарықты қорғау үшін кедендік баж салықтарын көтеріп, импорттық тауарларға салықты арттырып, ішкі отандық өнімдерді қорғау позициясына өте өте бастады. Қазіргі таңда АҚШ-тың өзі мұндай саясатты енгізе бастағанын байқаймыз. Оны Қытаймен арадағы сауда соғысынан көріп отырмыз.
Теңгенің әлісіреуі еркін айналымға көшкелі бері белгілі бір дәрежеде біздің мемлекетіміздің макро экономикалық факторларына да кері әсерін тигізуде. Өйткені, біз еркін айналымға көшпей тұрып 2013-2014 жылдарда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 12 мың доллардың үстінде болатын. Біздегі ең үлкен көрсеткіш 13 600 доллар болған. Әлемдік стандарттар бойынша егер 12 мың доллардан жоғары болса, елдің әлеуметтік жағдайы орташа деп бағаланады. Сондай деңгейге көтерілген едік. Ал бірақ, 2015 жылы еркін айналымға өткеннен кейін бірден жан басына шаққандағы ішкі өнім екі есеге түсіп кетті. 2016 жылы 7 мың доллардың шамасына дейін құлады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 9 мың доллардың шамасында болып тұр. Бұл дегеніміз әлі де болса 10 мың долларға жете алмай тұр. Әлемдік стандарттарда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 мың доллардан төмен болса, кедей мемлекеттердің қатарында саналады.
Жалпы 2019 жыл Қазақстан үшін күрделі болмақ. Сарапшылардың ойын қорытындылайтын болсақ теңгенің тұрақсыздығы, сыртқы мемлекеттермен байланыс, ішкі экономика мен саяси алаңдағы шиеленістер барлығы бір арнаға келіп тоғысқандай. Бұдан бөлек мұнай бағасының төмендеуі де ел экономикасына кері әсерін тигізбесе, алға қарай ілгерілете қоймайтындығы белгілі. Сонымен қатар биыл өтуі мүмкін сайлау да тың жаңалығын алып келмейтіндігіне көз жеткізуге болады. Егер ескірген жүйе өзінің сара жолынан танбаса, онда қазақ қоғамы үлкен дағдарыстың аз-ақ алдында тұр.