Ресейдің Орталық Африка Республикасында әрекеттерін жандандыра түскені әлем ақпарат құралдарының назарын аударуда. Мәліметтерге қарағанда, Ресейдің жалдамалы әскерлері Орталық Африканың екі аймағын бақылауында ұстап тұр.
BBC бұның себебін Судан секілді елдерде үкіметке қарсы наразылықтар жиі-жиі қайталануда, Ресейдің жалданбалы әскерлері демонстраттар ға қарсы жұмсалуы мүмкін деп көрсетеді. Батыс елдері Мәскеуді Африкамен байланысты күшейтіп, құрал-жарақ саудасын дамытып жатыр деп қарайды.
Экономикалық жағдайға наразы болған судандықтар бірнеше аптадан бері үкіметке қарсы демонстрация өткізіп келеді. Жағдай ушыққан кезде Судан билігі жәрдемге орыс әскерлерін шақырған. Ресейдің жалдамалы әскерлері Суданда қауіпсіздік қызметіне кеңес беріп, әскери операцияларына көмек көрсетуде.
Былтыр BBC-дің орыс тіліндегі қызметі бұл туралы арнайы зерттеу жүргізіп, Ресей әскерлерінің шынында Суданға барғанын растаған еді. Ал оған көршілес Орталық Африка Республикасында Ресей әскерлері БҰҰ-ның қауіпсіздік күштерімен бірлесе жұмыс істеуде.
Мәскеу тарабы Африкаға көп санды ресейлік жауынгерлердің барғанын теріске шығарады. Алайда, сарапшылардың басым көбі Ресейдің өз ықпалын күшейтуді көздеген мемлекеттерде әскери күштердің басым рөл ойнап келе жатқанына баса назар аударады. Олар Африкада да осыған ұқсас жағдайдың бар екенін айтады.
Желтоқсанда РФ президенті Владимир Путин жалдамалы әскерлер туралы сұрақтарға жауап берген кезде, жеке меншік әскери компаниялардың әлемнің жер-жерінде өз бизнесін жүргізуге құқықты екенін алға тартқан.
Кезінде Кеңес одағы Африка құрлығында ірі саяси-экономикалық ойыншының бірі болған. Батыс ақпарат құралдары бүгінгі Ресейдің де осыны көздейді деп қарайды.
Әрине, қазіргі державалар арасында өз ықпалын кеңейтудің бір жолы – қару-жарақ саудасы. Ресей осыған дейін Азия мен Орта-Шығыс елдеріне қару сатып келген. Дегенмен, соңғы жылдары Ресейдің назары қара құрлыққа да ауып, Африка елдерімен қару-жарақ саудасын жандандыруға күш салуда.
Халықаралық Бейбітшілікті зерттеу орталығының мәліметіне сенер болсақ, Африка құрлығында Ресей қаруын ең көп сатып алатын ел – Алжир. Осыған дейін АҚШ-тан әскери жәрдем алып келген Мысыр да соңғы жылдары орыс қару-жарағын көптеп сатып алуда. Бұлардан тыс Гана, Мали, Ангола, Камерун қатарлы елдер бар. Бұл мемлекеттер негізінен Ресейден тікұшақ, әскери ұшақ, зымыран бағдарламасы және істетуден қалған соғыс техникаларын сатып алады.
Орыс қару-жарақтарының ерекшелігі – кемелділік жағынан Батыс елдерінің әскери жабдықтарынан кем түскенімен, берік сапалы және арзан болып келеді. Орыс қаруларының бұл ерекшеліктерін Батыс елдері де мойындайды. Сондықтан да дамып келе жатқан елдер үшін Ресей қару-жарақтары қолжетімді болып саналады.
Бұлардан тыс Ресей Африкадағы кен байлықтарына да қызығатыны белгілі. Ресейдің көптеген компанияларының Африка жерлерінде ашқан кендері бар. Соңғы кездері Мәскеу бірнеше африкалық мемлекетпен экономикалық байланысты күшейту турасында табысты келісімдер жүргізді. Бірақ, қара құрлықтағы Ресейдің сауда қатынасы Азия, Еуропа және АҚШ-қа салыстырғанда әлсіз. Оның үстіне Қытай, Үндістан және Индонезия сынды жедел дамып келе жатқан елдер Африкада Ресейдің басты бәсекелесіне айналады.