Жаңа жыл Қазақстан жұртшылығы үшін қайғылы оқиғамен басталды. Қарағанды қаңтардың бірі күні қара жамылды. «Ежелгі Рим» мейрамханасында болған армян этносы өкілдері мен қазақтар арасында болған кикілжің салдарынан бір адам көз жұмып, үш адам жарақат алды.
Қаңтар айының 1-і күні Қарағанды қаласындағы «Ежелгі Рим» мейрамханасы жанынан 23 жастағы ер адамның денесі табылды. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қазақтар мен армяндар арасында болған төбелестің бейнежазбалары тарап, Қарағанды халқы «Ежелгі Рим» мейрамханасы маңына жинала бастады. Бірақ полиция қызметкерлері «ежелгі» әдеттеріне басып, мейрамхана маңын қоршауға алып, жиналған қауымды оқиға болған жерге өткізбеді. Бірақ халық бұнымен тоқтаған жоқ...
6 қаңтар күні бір топ белсенділер Қарағандының орталығына жиналып, қылмыстың істің жүру барысы жөнінде жергілікті билік өкілдерінен түсініктеме беруді талап етті. Облыс әкімі Ерлан Қошанов халық алдына шығып: «Біреулер "бұлар ақша беріп құтылып" кетеді деп айтып жүр. Ешкім де құтылмайды! Мынадай қоғамдық бақылау тұр, ең жоғарғы органдар бақылап отыр. Бұл тергеу аяғына дейін әділ жетеді, қылмыскерлер өз жазасын алады. Мен сіздерге облыс әкімі, елбасының осы жердегі өкілі ретінде уәде беремін. Қашып жүрген қылмысқа негізгі күдікті екі-үш күннің ішінде ұсталады», - деді.
Бұған дейін ІІМ аталмыш іске байланысты 8 азаматтың қамауға алынғандығы жөнінде және 1997 жылы дүниеге келген негізгі күдікті Гурурян Нарекке халықаралық іздеу жарияланғаны жөнінде мәлімдеме таратты. Қазіргі уақатта ҚР Қылмыстық Кодексының 174 бабы «Ұлтаралық алауыздық қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ осы тұста Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қарағандыда болған кикілжіңде «ұлтаралық араздық жоқ» - деп мәлімдеді. Ол өз сөзінде: «Марқұмның жақындарына көңіл айтамын. Бұл оқиғада ұлтаралық қақтығыс болды дей алмаймын. Себебі, төбелескендер арасында бір ғана емес, әр ұлттың өкілі болған. Олардың арасында қазақ та болған. Сондықтан да бұл төбелесте ұлтаралық араздықтың болмағанын тағы да қайталаймын» –деді.
Бұдан бөлек қылмысқа тікелей қатысы бар негізгі күдікті Гурурян Нарек арнайы бейнеүндеу жасады. Ол онда өзінің «төбелеске қатысқанын, бірақ ешкімді өлтірмегенін» және «егер әділ тергеу мен қауіпсіздікке кепілдік болса, Қазақстан билігіне берілуге дайын» екендігін мәлімдеді.
Осының барлығына қарамастан соңғы бір аптада Қазақстан халқының назарын өзіне аудартқан Қарағанды оқиғасына байланысты мемлекеттік органдар, депуттаттар мен СІМ ешқандай мәлімдеме жасамады. Осыған байланысты бүгін біз саясаткер Әміржан Қосанов пен саясаттанушы Айдос Сарымның пікірлерін беруді жөн көрдік.
Саясаткер, Әміржан Қосанов: Бұл оқиғаның себептері жетерліктей. Өрімдей жас қазақ бауырымыздың қазасы 27 жыл бойына «жабулы қазан жабулы» күйінде, өз шешімін таба алмай келе жатқан проблемалардың бетін ашып берді! Қоғамда қордаланып қалған өзекті проблемалардың көптігі соншама - Қарағандыда болмаса, мұндай бас көтеру басқа бір жерде бұрқ ете қалуы әбден мүмкін!
Ең басты себеп ел ішін жайлаған әлеуметтік-экономикалық әділетсіздікте жатыр! Қарағандыда бұл мәселе этносаралық сипатқа ие болып кеткенге ұқсайды. Мәселе бір адамның қазасына алып келген төбелеске басқа ұлт өкілдерінің қатысуында ғана емес. Ол сылтау ғана. Әр облыста, әр қалада жергілікті билікке етене жақын, жемқорлармен сыбайлас әртүрлі топтар, кландар, соның ішінде басқа ұлт өкілдерінен тұратын тұрақты қауымдастықтар бар екені ешкімге де құпия емес. Халық соның бәрін көріп отыр.
Онсыз да барлық қазба байлығы мен басқа да материалдық игігіліктерден құралақан қалған жұрт осындай жағдайда билікпен ауыз жаласып кеткен әртүрлі топтарға ерекше сын көзімен қарай бастайтыны да рас. Ол көзқарас ұлтаралық сипат алып кететін де жасырын емес.
Бұл оқиғаның тағы бір басты себебі мынада: қоғам құқықтық органдарға сенуден қалған! Сондықтан азаматтар осы қылмысты тергеу ісі әділетті әрі ашық өтеді дегенге о бастан сенбегендіктен де алаңға шықты. Ол сенімді оята алатын полицияның сиқын, «бандалық болмысын» өздеріңіз көріп қалдыңыздар. Және ол видео дәл осы Қарағандыдан шығуының өзі де осы оқиғаға өз әсерін тигізбей қоймады.
Осы оқиға тұсында өкімет өзінің ақпараттық саясаты мен практикасының түкке тұрғысыз екенін тағы да бір байқатты! Бірнеше күн бойына бүкіл елді дүрліктірген қылмыс туралы, елдің наразылығы туралы мемлекеттік БАҚ жұмған аузын ашқан жоқ! Сол себепті ел ішін әртүрлі алып-қашпа әңгіме жайлап кетті.
Алаңдағы жиынға полиция күштерін қаптатып, «ұлтаралық араздықты қоздыру» дегенді сылтауратып, ащы шындықты айтқысы келген елдің аузын жабуға тырысқан биліктің қимыл-әрекетін айыптаймын (әрине, шын мәнінде арандатып жатқандар да болуы ықтимал, оларды сөзсіз жазалау керек, екі халық арасына от салуға болмайды!). Бірақ барлық тақырып, соның ішінде, ұлттық саясат мәселелері туралы азаматтар ашық айта алатындай жағдай жасалуы тиіс! Ол - олардың конституциялық құқы әрі қақы!
Бірнеше күн өтті, қоғамда, соның ішінде, әлеуметтік желілерде қызу талқылау өтіп жатыр. Алғашқы бағалар берілді, талаптар қойылды. Осы жағдайды басқа біреулер, соның ішінде басқа мемлекеттер, өз мүддесінде пайдаланып кетпеуі үшін ендігі жерде мейлінше жауапты сөйлеу керек сияқты. Байқасыңыз, сыртқы ойыншылар араласа бастаған секілді. Оның өзі мемлекетімізге өз зиянын тигізуі әбден мүмкін!
Сондықтан да алдымен билік «ашық та әділ жүргіземіз» деген тергеудің қалай өтетінін бақылап, оның нәтижелерін көрейік. Сол уақытта түпкілікті баға беріп, болашақта осындай жағдай қайталанбайтындай кепілдіктер жүйесін құра аламыз!
Саясаттанушы, Айдос Сарым: «Ең алдымен бұны трагедия деп бағалау қажет шығар. Бір отбасыға түскен ауыр салмақ, қиылған өмір, үзілген арман... Жаңа жыл кезінде, жұрт бір жылды қорытындылап, жаңа жылға жоспар құрып жатқан мәз-мейрам шақта ойда-жоқта жас жігіттің мерт болуы үлкен бір драма.
Болған жағдайды айту да керек шығар, бірақ оны ушықтырып, этносаралық қақтығыс ету асқан қателік. Рас, осындай жағдай орын алған кезде қарапайым азаматтардың полицияға, сотқа сенімі аз деңгейде болады. Мәселені діттеп, оған назар аударту мақсатында құн сұратушы жақтың ағайынға жүгініп, болған жайға ұлттық рең беруге тырысатыны да әлеуметтік тұрғыдан түсінікті де шығар.
Бірақ, шынын айту керек, бұл жолғы жағдай басқаша. Қазақтың кавказтекті этнос өкілдеріне деген ерекше "сезімі" бар екені де белгілі. Алайда, сабыр дегенді де ұмытпау қажет, сөз бен эмоцияға да ие болу қажет.
Мейрамханадағы төбелес этносаралық қақтығыс емес! Бұны криминалдық-тұрмыстық қақтығыс деп таныған абзал. Осыған тоқтау қажет. Егер осыны ұран қылып, басқа этнос өкілдерінен кек алуға, оларды соққыға жығуға айналдырып жіберсек, бұдан ешкім ұтпайды! Ешкім! Ұтылатын тағы да қазақ болмақ, қазақ ұлтшылдары болмақ. Еңсесі енді көтерліп келе жатқан қазақтың есебі, ой-мұраты ұтылады. Кемі бір облыстағы қазақ ісі, қазақыландыру саясаты тұралап қалады. Және де бұндай қақтығысты ел іші мен сыртында жүрген күштердің қалай пайдаланып кететіні туралы да ойлану қажет. Бүгін он адамның тұмсығы бұзылсын, ертең қазақ мемлекеті опық жеп, ұпайынан айрылса оның кімге керегі бар?
Негізгі күдіктілер ұсталды. Тағы бір адам қашып жүр. Соны ұстау, күдіктілердің кінәсін дәлелдеу барша полиция мен сотқа сын! Кешегі "ментобиотик", "банды" деп шулаған полицияның бәріне сын! Мықты ма, мықтылығын нақты іспен дәлелдесін! Ол жөнінде нақты тапсырыстар берілген көрінеді.
Енді қоғам не істемек? Менің ойымша, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар ашынған жұртты қазір сабырға шақырып, қоғам болып тергеу, сот мәселесін бақылауға алуы қажет. Оның ішінде шейіт болған азаматтың құнын төлету, жоғын жоқтау да есте болуы шарт.
Елдің ел екендігін тентектік емес, тектілік паш етеді. Күштің бар екендігі, бұл күшпен ойнаудың қауіпті екендігі көрсетілді. Билік те, өзге де бұны түсінді. Енді парасат пен ақылға салып, жұдырықтың емес, заңның күші мен пәрменіне жол бергеніміз абзал. Өзіміз де арандамайық, ағайынды да арандатпайық. Желіде отырып желігу қиын емес. Бір азаматтан айрылғанымыз да жетер...». ( Айдос Сарымның "Facebook" парақшасынан алынды)