Калифорния штатының конгресмені, демократиялық партияның ардагері, бірнеше уақыт бойы Трамп әкімшілігін сынға алған Нэнси Пелоси кезекті мәрте АҚШ Конгресінің 116-шақырылымында өкілдер палатасының спикері болып тағайындалды. Бұл лауазым АҚШ Президенті мен вице-президентінен кейінгі маңызды үшінші орын саналады.
Пелосидің кандидатурасын 431 конгресменнің 220-сы қолдады. Қалған 192 конгресс өкілдері республикалық партиядан шыққан Кевин Маккарти үшін дауыс берді. Енді Нэнси Пелоси қарашада болған Конгреске аралық сайлау қорытындысы бойынша демократтардың бақылауына өткен Өкілдер палатасына төрағалық етеді.
Конгрестің жаңа құрамы 3 қаңтарда жұмысқа кірісті. 2018 жылдың қарашасында өткен сайлауда Өкілдер палатасы демократтар бақылауына өткен. Ал республикашылдардың көпшілігі Сенаттағы орындарын сақтап қалды.
Нэнси Пелоси кім?
Республикалықтар, әдетте, көптеген әлеуметтік мәселелер бойынша Пелосиді «Үкіметтің табынушысы және Сан-Францисколық либерал» деп атайды. Бірақ, іс жүзінде ол – континенттегі біраз мәселелерді оңтайлы жолмен шешкен саясаткер. 2007 жылдың 4 қаңтарында Пелоси бірінші рет Конгрестің төменгі палатасының спикері болып сайланды.
Нэнси Мэриленд штатының шығыс жағалауынан шыққан саясаткер, қала мэрі Томас Д'Алесандроның қызы. 1988 жылы ол конгресмен лауазымын иеленді. Халықты ЛГБТ қоғамдастығына қарсы ойдан «тазартып», жұқпалы ауруларды емдеу үшін медицина саласын қаржыландыруға көңіл бөлді. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы Пелоси Сан-Францискодағы жабық әскери базаның ұлттық паркке айналуы үшін асталысқан.
Журналист Элейн Пович Нэнси туралы: «Ол – мықты әйел, үздік саясаткер. Оның басты күші – инсайдерлік, коалициялық және ұйымдастырушылық қабілетінде жатыр», – дейді.
78 жасар Пелоси мен оның жақтастары Үкіметтің толыққанды жұмысын қайта жандандырмақ. Айта кетерлігі, оның мерзімдік лауазымы АҚШ пен Мексика арасындағы шекара дауы мен Трамп әкімшілігінің «шатдаун» жариялауымен тұспа-тұс келді.
Демократтардың жоспары қандай?
Нэнси Пелоси үкіметтің жұмысын жаңарту үшін қажетті құжаттардың тез бекітілетінін мәлімдеді. Американдық телеарнаға сұхбат берген ол: «Трамп бізді кез келген нәрсеге сендіре алады, бірақ біз миллиардтаған долларды бөлмейміз. Себебі, бұл жоспар Америка үшін тиімді болмайды. Қабырғаға қаржы да, декларация да жоқ. Егер Мексикамен арада қабырғаны орнату үшін көп мөлшерде қаржы бөлсек, біздің мемлекет ретіндегі позициямыз басқалардың алдында құлдырайды», – деді.
Журналистің сұрағына жауап бере отырып, Пелоси АҚШ-тың қазіргі президенті қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін екенін де айтты. «Біз президенттен Үкіметтің жұмысын жаңартуды сұраймыз. Республикашылдарға «иә» деп айтуға мүмкіндік береміз», – деді.
Әзірге демократтар екі заң жобасын ұсынды. Олардың бірі – АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің жұмысын 8 ақпанға дейін реттеу, ал екіншісі – қалған ведомстволардың жұмысын 30 қыркүйекке дейін реттеу туралы заң. Бейсенбіде Өкілдер палатасы аталған заң жобаларын мақұлдады. Мексикамен шекарада қабырғаларды қаржыландыру бұл заң жобаларына енгізілген жоқ. Алайда, Сенаттағы республикалықтардың көшбасшысы Митч Макконнеллдің айтуынша, фракция бұл құжаттарды мақұлдауы тиіс. Осы мәселеге қатысты Дональд Трамптың өзі: «Үкіметтің толығымен қашан жұмысқа кірісетіндігін айта алмаймын. Шекарада қақпа тұрғызылмайынша «шатдаун» жалғаса береді. Бұл қабырға елге заңсыз кіргісі келетіндерге тосқауыл болады. Жаһандық кеселге айналған адам саудасы мен есірткі тасымалына нүкте қояды. Қазіргі уақытта біз адам саудалаушыларды қолға түсіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ал Мексикамен арадағы шекараға қақпа салынбайынша, осы аталған кеселдермен күресу қиынға соғады»,– деп мәлімдеді.
Уашингтондағы BBC тілшісі Дэвид Уиллистің айтуынша, Нэнси Пелосидің бастамасы арқылы жүзеге асқан заң жобалары Сенатта қабылданбайды. Яғни «қанша жерден Пелоси мықты саясаткер болса да, Трамп әкімшілігіне қарасты республикашылдар бұл жобаларды мақұлдамайды». Осыған байланысты қазіргі күннің өзінде демократтар мен республикашылдар арасында өзара «шайқас» басталған. Трамп әкімшілігі бейсенбіде осы заң жобаларына вето салатынын айтты. Ресми Ақ үй: «Әкімшілік Конгреспен жұмыс істеуге бағытталған. Бірақ шекараның қауіпсіздігі маңызды. Демократтардың ел мұқтаждықтарын елемей, пайдасыз бағдарламаларға қажетсіз қаражат бөлетін заңдарын Ақ үй қабылдай алмайды. Вето жарияланады», – деп қысқа қайырды.
Сонымен...
Конгрестің бірінші күні-ақ жаңа спикер Нэнси Пелоси Мексикамен арадағы қақпаға қаражат бөлмей, мемлекеттік бюджетті бекітуге кірісетіндігін айтты. Дональд Трамп пен көк есектілер арасындағы келіспеушілікке байланысты бұл құжатқа әлі қол қойылмай тұр. Демократтар Дональд Трамптың шекара қақпасына федералды қазынадан қаражат бөлу шешіміне қарсы. Конгрестегі аралық сайлау аяқтала салысымен, республикашылдар Ақ үй басшысы Дональд Трамп Мексикаға қарсы санкция енгізбейінше, арадағы шекара қорғанын қаржыландыруға байланысты ешқандай құжаттарға қол қоймайтынын ескерткен.
Осы даудың салдарынан мемлекеттік органдардың 25%-ы қаржыландырудан айырылды. Бұл Ішкі қауіпсіздік министрлігі, Сауда министрлігі, ІІМ мен Қаржы министрлігіне қатысты. Сонымен қатар, Смитсон институтының ұлттық саябақтары мен мұражайлары жабылды. 800 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер ақылы демалысқа кетті. Бекітілмеген бюджет салдарынан 22 желтоқсаннан бері АҚШ федералды билігінің жұмысы ішінара тоқтатылды.
Әлі күнге дейін қос тарап өз ұстанымдарын өзгерткен жоқ. Жақын арада келісімге келуі де екіталай. Демек, екі апта бұрын басталған «шатдаун» жалғасады.