Экономиканы және меншік секторын жекешелендіру, сондай-ақ Қытайды халықаралық саудаға енгізу мәселелерін қамтыған Реформа және ашықтық саясатын 1978 жылы Қытай Мемлекеттік кеңес премьерінің орынбасары Дың Шяупиң (Дэн Сяопин) жария еткен еді. Бұл саясат ҚХР-ның алғашқы төрағасы Мау Зыдоңның (Мао Цзедун) «Зор секіріп ілгерілеу» саясаты сәтсіз аяқталғаннан кейін, Қытай экономикалық саясатын, даму жобасын модернизациялау мақсатында алға қойылған еді.

2018 жылы Қытайдың экономикасын алдынғы екінші экономикаға жеткізген бұл саясатқа 40 жыл толады. Осыған орай өткен жиналыста ҚХР төрағасы Ши Жинпиң баяндама жасап, Қытайдың даму бағыты, әлем елдерімен қатынасы жөнінде мәлімдеме жасады. Ол сөзінде Қытай еш уақытта өз мүддесі үшін басқа елдерге қысым көрсетпейтінін атап өтті.

Қытай реформасының 40 жылдығына орай өткен жиналыс. Фото: BBC/Reuters.

Ши Жинпиң аталған баяндамасында Қытайдың әлемге бейбіт мәміле танытатыны туралы айта келіп: «Қытай ешқашан басқа мемлекеттердің есебінен дамымайды. Бірақ, өзінің заңды талаптары мен мүдделерінен бас тартпайды. Қытай қорғану және даму саясатын ұстанады. Қытай ешбір елге қауіп туғызбайды, қаншалық дамыған ел болсақ та біз басымдылыққа ұмтылмаймыз», – деп тоқталды.

Дегенмен ол әлем елдерінің Қытаймен қатынасына қарата: «Қытайға не істеу керек екенін, не істемеу керек екенін таңдауға өзге ешкімнің құқығы жоқ», – деді. Қытай басшысының бұл сөзі сол елдегі ауыр дәрежеде тапталған кісілік құқық мәселелеріне орай өзге елдердің араласуына қарсы айтылғандай болды.

«Біз өзіміздің даму жолымызда бейбітшіліктің, дамудың және ынтымақтастықтың туын биік ұстауымыз керек. Бүкіл әлемнің тыныштығын қамтамасыз етудей негізгі мақсаттарға ұмтылып, жалпы дамуға қолдау көрсетуіміз керек», – деді Ши Жинпиң.

Қазіргі кезде Қытай экономикасының арту қарқыны баяулады. Тіпті, соңғы бірнеше жылда Бейжің билігі артып жатқан қарыздарын қысқарту шараларын қолға ала бастады. Соған қарамастан, Қытай басшысы жасаған баяндаманың көп бөлегі соңғы он жылда жеткен «орасан зор табыстарын» атап өтуге арналды.

«Соңғы 40 жылдың жетістіктері аспаннан түскен жоқ, басқалар тарту еткен де жоқ. Оның бәрі партиямыздың және көп ұлтты мемлекеттегі бүкіл халқымыздың еңбекшіл, ақылды, кескін әрекеттерінің нәтижесі», – деді Ши Жинпиң. Оның айтуынша соңғы 40 жылда социализмде зор ілгерілеушілік болған. Бұл Қытайдың «Ұлы жаңалануына» мүмкіндік берген.

Ол және баяндамасында «әр елдің өз даму жолын таңдау еркін, халықаралық әділеттілікті қорғау, сондай-ақ, халықаралық мәмілелерді теңдікке құру, басқалардың өз еркін зорлап таңуына қарсы күресу, басқа елдердің ісіне араласуға, килігуге, қысымға алуға қарсы тұру құқықтары» жөнінде көбірек тоқталып өтті.

Реформа және ашықтық саясатынан кейін дағдарыстағы Қытай экономикасы дамып, дүние елдері арасында АҚШ-тан кейін екінші орынға шықты. Ши Жинпиңнің айтуынша, Қытайдың адамзат болашағы үшін қосқан үлесі орасан зор. Ол және экономикалық жетістіктеріне қарамастан, Қытай ешқашан гегемонияға (біріншілікке) ұмтылмағанын, қазір де бұндай мақсаттағы даму нысанасы жоқ екенін атап өткен.

Қытай басшысының бұл сөздері қазіргі АҚШ-Қытай қарым-қатынасына бағытталғанға көбірек ұқсайды. Себебі, Уашингтон тарабы Қытайдың экономикалық және қорғаныс қуатының дамуы АҚШ-тың лидерлік орнына қауіп төндіреді деп қарайды. Екі ел арасында қазір Үнді-Тынық мұхитындағы басымдыққа деген бәсеке мен сауда соғысы жүріп жатыр. Сауда қақтығысын тоқтату мақсатындағы келіссөздердің қандай нәтиже беретіні анық емес. Бұл және Қытай экономикалық өсімінің баяулап, экспорттағы шектеулердің кері әсер ете бастаған тұсына тура келіп отыр.

“The Qazaq Times”