Британияның жоғары билігінде елдің премьер-министрінің қызметін жалғастыруы мен кетуі дауысқа салынған болатын. Консервативтік партияның төменгі палатасының депутаттары басым көп дауыспен Тереза Мэйге сенім білдірді. 200 депутаттың дауыс беріп қолдау нәтижесінде Британияның бас уәзірі (премьер-министрі) Мэй ханым өз орнын сақтап қалды, әрі партияның жетекшілік қызметін жалғастыра бермек. Ал, 117 депутат Мэй ханымға қарсы дауыс берген.

Мэй сөзінде: «Қолдау көрсеткендеріңізге ризашылық білдіремін. Дегенмен, әріптестерімнің көбі маған қарсы дауыс берді. Мен оларды түсінуге тырысамын», – деп мәселені жылы жауып қойды.

Британия билігіндегі бұл жағдайдан кейін Тереза Мэйдің алаңсыз жұмыс істеуіне бір жыл уақыт бар дегенді білдіреді. Оған дейін Мэй ханымға сенімділік туралы мәселе көтерілмейді, әрі оның басшылық орнына ешкім де таласа алмайды. Бірақ, саяси сарапшылардың айтуынша, бұл дауыс беру қорытындысы Мэй ханымның беделіге соққы болып тиді деп қарайды. Себебі, оның әріптестерінің 37 пайызы оның отставкаға кетуін талап етіп отыр.

 Тереза Мэй 2016 жылы Ұлыбританияның бас-уәзірлік лауазымын қолына алған кезде, елде Еуропа Одағынан шығу туралы референдум өткізген еді. Референдум нәтижесіне сай Британия билігі ЕО-дан қол үзу шарттарын жасасуы керек болған. Алайда, Британияның ЕО-дан шығу шарттары туралы мәселеге келгенде ел парламенті биліктегі партия алатайдай бүлінді. Тіпті, партия жетекшісін қызметтен кетсін дегендер де көбейді. «Консервативтік партияның жетекшісін алмастыру, дәл қазіргі кезде біздің елдің болашағына кері әсерін тигізетін әрекет. Әрі, бізді мүлде кезікпеген дағдарыстарға апарып соғады», – деді Мэй ханым.

Тереза Мэйдің пікірінше, жаңа үкімет басшысы келсе ол Британияның Еуропа Одағынан қол үзу ісін кейінге шегеруі, тіпті одан бас тартуы мүмкін. Бұл аяқталуға жақын қалған Брексит процесін құрдымға кетірмек. Ал, Британияның Еуропа Одағынан бір жола қол үзуіне не бары 4 ай шамасындағы уақыт қалды.

Саясаттанушылардың пікіріне сенсек, бұл жолы Тереза Мэйді қолдаушылардың басым көбі «Брексит процесінің тоқтап қалуынан алаңдаушылар». Тіпті олардың бірқатары Тереза Мэйге деген сенімі кәміл болмаса да, ЕО-дан қол ізу ісінің тезірек аяқталуы үшін премьер-министрдің орнында қалуына дауыс берді деп қарайды.

Айта кетейік, Тереза Мэй жетекшілік ететін Консервативтік партия ел парламентінің басым көпшілігін, яғни, 650 депутаттың 315-ін иелейді. Сондықтан да, ел заңына сәйкес, бас уәзірі де осы партияның жетекшісі болуы керек.

 “The Qazaq Times”