Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеу жолдап, экономикалық режим жариялайтынын айтты.

Europe1 радиосының хабарлауынша, Франция президенті мамырдан бастап барлық еңбек жалақысына кем дегенде 100 еуро қосылатындығына уәде берді. Сондай-ақ, дағдарыс кезінде оны еркін басып өту үшін әрбір компания өздерінің қызметкерлеріне жылдық бонус төлеуі тиіс. Осылайша, Франция үкіметі халық талабын ескеретінін білдірді. Дегенмен, француз халқының біраз бөлігі Макронның уәдесіне сенім білдіре қоймады.

Президент Макрон 2019 жылдан бастап Франция экономикасы бұрынғыдан нығайып, жұмыс берушілерге жыл соңында қызметкерлеріге сыйақы төлеуді міндеттеп, зейнеткерлер мен азаматтарға қосымша табыс салығын алып тастайтынын мәлімдеді. Телекөпір арқылы халыққа тікелей үндеу жолдаған Макрон қазіргі жағдайдың енді қайталанбайтынына, билік халықтың мұң-мұқтажына бей-жай қарамайтынын да айтты. Осыдан кейін ОpinionWay компаниясы  991 адамның арасында арнайы сауалнама жүргізіп, тұрғындардың президентке сенім білдіре қоймайтынын анықтады. Сауалнамаға қатысушылардың 50%-ы президенттің сөзіне мүлде сенбейміз десе, 49%-ы үндеуді жақсы жағынан қабылдаған. Сұрау салғандардың 78%-ға жуығы Макрон ұсынған шаралар «сары жейделілер» қозғалысын түбегейлі тоқтата алады деген. Ал 45%-ы наразылық акциясы жалғасу қажет дегенді алға тартады. Осы ретте «Сары жейделілер» қозғалысының өкілі Карл Токар: «Президенттің айтқаны түсініксіз. Макрон төменгі жалақыға 100 еуро қосамын дейді. Бұл тіптен аз. Себебі оның үстіне тағы салық салынып, жалақыға 80 еуро мөлшерінде ғана қосылады. Президенттің үндеуін тыңдауға жиналдық. Бірақ, Макрон ешбірімізді сендіре алмады», – дейді.

Бір айға созылған ереуіл ел қазынасына көп мөлшерде шығын әкеліп, туристердің легі бәсеңдеген. Өткен аптада Макрон Үкіметтің шұғыл отырысын өткізіп, жанармай бағасына мораторий жариялау туралы бұйрық берген болатын. Соған қарамастан наразылық акциялары қайта жалғасты. Кей сарапшылардың пікірінше, алдағы жылы Францияны дағдарыс күтіп тұр. Сондай-ақ, Франция билігіне «тың серпін» әкелген Эммануэль Макрон уәдесінің толықтай жүзеге асуы екіталай. Солай болған күннің өзінде, экономиканы қайта қалпына келтіру үшін күш салу керек.
17 қарашадан бері Францияда жанармай акцизін көтеруге қарсылық акциялары өтіп жатыр. Кей аймақтарда шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласып, бес жүзден астам адам ұсталды. Оқиғадан соң Париждегі Салтанат қақпасы ауданында полиция жанармай салығын көбейтуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан наразыларды тоқтату үшін пиротехникалық гранаттар қолданған. Франция үкіметінің ақпараты бойынша, жалпы ел көлемінде шеруге қатысушылардың саны 36 мың адамға жеткен. Ал Парижде шеруге бес жарым мың адам шыққан. «Сары жейделілердің» толқуына қатысты Макрон қазіргі қиындықтың негізгі басы осыдан 40 жыл бұрынғы биліктің қате шешімдерінен кейін басталғанын және қазіргі жанармай салығының тым қымбаттауының тарихы да тым тереңде жатқандығын айтты.

"The Qazaq Times"