Brexit туралы келісімшарт бекітілген соң, Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімі 2030 жылға дейін 4%-ға төмендейді.
Зерттеулер бойынша, пайыздық төмендеудің жыл сайынғы сомасы 100 миллиард доллар екендігі анықталды. Егер Британия Еуропалық Одақ құрамынан Тұманды Альбион ұйымының келісімінсіз шықса, шығын арта түседі. Премьер-министр Тереза Мэй қауымдар палатасын шартты қолдауға шақырды. Оның айтуынша, келісім халық мүддесіне толық сай келеді. Алайда, оппозиция бұл келісім ұлттық мүддеге қайшы деп оны кері қайтаруды талап етіп отыр. Бұған қатысты премьер-министрі Тереза Мэй: «Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу жөніндегі келісімшарты өте маңызды. Сол себепті парламент Британияның болашағы үшін бұл жобаны қолдауы тиіс. Егер де құжат қабылданбаса, оның салдары қандай болатынын айту өте қиын», – деп мәлімдеді. Ал Brexit жоспарын о бастан сынға алған оппозиция жетекшісі Джереми Корбин: «Біз дәл осы үкіметтің тұсында қатты құлдырадық. Мэй үкіметі ұсынған мына шарт келешекке деген сенімділікке нұқсан келтіреді. Парламенттің одан бас тартудан басқа амалы жоқ. Себебі, құжат ел мүддесін қорғауға арналмаған», – дейді. Біріккен Корольдіктің Тәуелсіздік партиясының бұрынғы басшысы (UKIP) Найджел Фарадж: «Менің ойымша, бұл тарихтағы ең нашар мәміле. Біз басқаны да, өз-өзімізді де жеңген ел ретінде қалыптастық. Осы ұстанымды сақтап қалу керек. Егер дұрыс шешім қабылданбаса, Министрлер кабинетінің мүшелері жаппай отставкаға кеткені жөн болар»,– деген.
Айта кетейік, Еуропалық Одақ Brexit-ке қатысты құжатты бекітті. Енді оны Ұлыбритания парламенті қарауы тиіс. Негізгі шарт бойынша, қос тарап осы айдың соңына дейін бітімге келсе, Британия ресми түрде ЕО-дан 29 наурызда шығады.