Сауд Арабия ханзадасы Мұхаммед бин Салманның журналист Жамал Хашогги өліміне қатысы бары анықталған жағдайда, Американың бір топ сенаторлары тақ мұрагеріне қарсы санкция салуы мүмкін.  Соңғы шешім ЦРУ-дың зерттеу қорытындысынан кейін шығатын болады.

Сенатор-республикашы Линдси Грэм бұл оқиғаның назардан тыс қалмайтындығын, сонымен қатар әділ жаза беруін талап ететіндігін нақты мәлімдеді. Ал, бұдан сәл ертеректе АҚШ-тың Халықаралық істер комитетінің басшысы Боб Коркер алдағы апта Сауд Арабиясына қатысты заң орындары үшін өте маңызды болатындығын айтқан еді.

Ыстамбул қаласындағы Сауд Арабиясының бас конусулдығында қаза тапқан Саудиялық журналист Жамал Хашогги Washington Post басылымында белсенді түрде қызмет атқарған.

Түркия бас прокуратурасының мәліметі бойынша, аталған қылмыс алдын ала жоспарланған.  Сондай-ақ Хашоггиді ғимаратқа кірген уақытта бірден буындырып өлтірді деген болжамға келіп отыр. Бұдан кейін оның денесін бөлшектеп, құдыққа тастағандығы да анықталды. Алайда, денесі толықтай табылған жоқ. Осыған байланысты Сауд Арабиясының 18 өкілі тұтқындалған. Бұдан бөлек, Мұхаммед бин Салманның қатысы бар екендігі де күн өткен сайын шындыққа жанасуда.

Естеріңізге сала кетейік, Хашогги өлімінен кейін тақ мұрагері алғаш рет шет елдік турне ұйымдастырған болатын. Онда Араб әмірлігіне қарасты елдерге баруды жоспарлаған еді. Қазіргі таңда Тунис елінің бір топ тұрғыны оның елге келуіне қарсы наразылық акциясына шықты. Бұдан бөлек, Алжир мемлекеті де Салманның аталған елге ат басын бұруына қарсылық білдіруде.