Ирандық олигарх Бобак Занджани қазынаға 2,5 миллиард долларды қайтарғаннан кейін ғана өлім жазасы жүзеге асырылады. Бұл туралы журналистерге Иранның бас прокуроры Мұхаммадджафъар Мунтазири мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ақша шетел банктерінде жатыр деп жазады "Орталық Азия хабар қызметі".
Ирандық олигарх 2013 жылы 30 желтоқсанда мұнай нарығында сыбайласқан жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталып, тегерандық «Эвин» түрмесіне қамалды. Оны мемлекеттің 2,5 миллиард доллар мұнай табысын иемденді деп айыптады. Бобак Занджани кінәлі еместігін айтып, бар болғаны Иранның орталық банкінің сұрауы бойынша шикізат тасуға делдал болғанын мәлімдеді.
Айыптаулардың бірі Тәжікстан ұлттық банкінің хатын қолдан жасауға қатысты болып отыр. Ол құжатта 2, 5 миллиард доллар Иранның Ұлттық мұнай компаниясына төленгенін растайтындығы жазылған. Бірақ Иранның мұнай министрлігі мұндай қаражатты алмадық деп отыр. Тәжікстанның Ұлттық банкі де құжатты жалған деп атады.
Тәжікстан билігі Занджани мен оның компанияларымен ешқашан жұмыс істемегенін айтты.
2016 жылдың 6 наурызында Тегерандағы сот миллиардер мен оның екі сыбайласына өлім жазасын шығарды. Sorinet Group корпорациясының басшысы Бабак Занджанидің мүлкі 14 миллиард доллар деп бағаланды.
«The Qazaq Times»