Тәжікстан әлемнің 124 елі ішінде интернет жылдамдығы ең нашар ел болып танылды. Ookla компаниясы әзірлеген «Speedtest Global Index» рейтингі бойынша, Тәжікстан ең соңғы орында.
Рейтингте Тәжікстан Ауғанстан, Ирак, Алжир және Венесуэла елдерімен бір сатыға жайғасқан. Орталық Азия елдері ішінде мобилді интернет жылдамдығы жағынан Қазақстан - 74, Қырғызстан – 94, Өзбекстан 110-орында.
Сонымен қатар Ookla компаниясы желілік интернет жылдамдығы бойынша да рейтинг жасаған. Бұл тізімге Тәжікстан мүлде кірмей қалған. Ал Қазақстан мұнда 58-орында болса, Қырғызстан - 79, Өзбекстан 112 орынға түсіп қалған.
Екі апта бұрын Тәжікстанда «Facebook», «Одноклассники» әлеуметтік желілері мен «Youtube» порталы бұғатталған. Сонымен бірге билік «Viber», «What's App» және «Telegram» хат алмасу құралдарына шектеу қойған.
Тәжікстанда биыл "Терроризммен күрес жөнінде" заң жобасы қабылданды. Заңға сәйкес, құқық қорғау органдары өкілдеріне телефон байланыстарын, интернетті шектеуге құзырет берілді. Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан үкіметі де дәл осыған ұқсас қаулы шығарған. Онда төтенше жағдайлар кезінде ІІМ, Бас прокуратура, ҰҚК және Қорғаныс министрлігіне ғаламтарды бұғаттауға құқық беру қарастырылған.