Бүгін Алматы қаласында БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған «ХІ-MEDIA құрылтай» конференциясы өтті. Құрылтайда «Қазақстанның медиа нарығы: жыл сайынғы кәсіби тексеру және диагностика», «Цифрлік дәуірдегі Қазақстан телевизиясының аудиториясы», «Қазақ тіліндегі БАҚ-тың шынайы жағдайы мен келешегі» сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Осыған байланысты бүгін біз құрылтайда қызу талқыланған «Цифрлік дәуірдегі Қазақстан телевизиясының аудиториясы» тақырыбына қатысты жасалған баяндамаларды ықшамдап беруді жөн көрдік.
Құрылтай барысында аталмыш мәселені талқылауға саясаттанушы Айдос Сарым, «Алаш Медиа групп» ЖШС бас директоры Батыр Қазыбаев, «Стратегия» әлеуметтік стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы Гүлмира Илеуова, «Атамекен» бизнес телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, Ұлттық медиа қауымдастық сарапшысы Ринат Жүнісов және «TNS Central Asia» сараптама орталығының бас директоры Татьяна Старцева қатысты. Талқылаудың негізгі бағыты дәл осы «TNS Central Asia» маңында болды. Себебі қазіргі таңда Қазақстан аумағында отандық телеарналардың рейтингін анықтайтын бір ғана орталық бар. Ол Старцеваның басқаруындағы «TNS Central Asia» сараптама орталығы.
Жалпы, «TNS Central Asia» сараптама орталығының Қазақстан телеарналарының рейтингін анықтауға қатысты жұмыстарына осыған дейінде сан мәрте сын айтылған. Қазақстандық телеарна басшыларының пікірінше, «TNS Central Asia» орталығы орыс тілінде хабар тарататын арналардың рейтингін көтеріп, қазақ тілді бағдарламалардың рейтингін шамадан тыс төмен көрсетуде. Бұл жолғы бас қосуда да «TNS Central Asia» сыннан тыс қалған жоқ.
«Алаш Медиа групп» ЖШС бас директоры Батыр Қазыбаевтың сөзінше, «TNS Central Asia» шығарған рейтингтермен «YouTube», «Instagram», «Facebook» сияқты әлеуметтік желілердегі қазақ тілді телеарналардың қаралым рейтингі сәйкес келмейді:
«YouTubе желісіндегі қазақ тілді контенттерге жазылған көрермендер саны жарты миллиардтан асады. Нақтылап айтқанда 630 миллионға жуық. Егер сіз «TNS Central Asia» ұсынып отырған рейтингке қарасаңыз мүлде басқа көрсеткішті көресіз. Сол себепті біз қазақ тілді контенттің маңыздылығы жөнінде жиі айтамыз. Себебі қазақ тілді аудиторияның соңғы алты жылда жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрмеу мүмкін емес. Мысалы, «Instagram» әлеуметтік желісін алып қарайықшы. Қазақ тілді аудитория толықтай осында шоғырланған. Егер біз осындағы қазақ тілді радио, телеарна парақшаларындағы оқырмандарды алып қарасаңыз олардың саны орыс тілді контентті оқитындардан әлде қайда көп екендігін байқайсыз. Біз орыс тілді «Тенгри ньюс» сайты біздің инстраграмымыз бен қазақ жұлдыздарының инстагармын салыстырып қарап отырмыз. Бұларды салыстыру мүмкін емес. Жетінші арна немесе Қазақстан ұлттық телеарнасының аудиториясы алып қарайықшы. Олардың аудиториясы өте үлкен. Егер қазақ тілді контенттердің әлеуметтік желілердегі оқырмандарын бір жерге біріктіретін болсақ, онда алдыңғы бес орын қазақ тілді телеарналардың еншісінде болар еді. «TNS Central Asia» 2018 жылдың соңғы 10 ай бойынша жасаған рейтингін қарайықшы. Тек үш қана қазақ тілді бағдарлама ТОП-20 үздіктер қатарына енген. Қазақ тілді контент ұлкен есеппен ұтылуда. Бұнымен келісу өте қиын. Себебі қазақ тілді контенттің үлкен сұранысқа ие екенін көрмей отырмыз. Бұның барлығы неге маңызды? Өйткені биылғы жылы Қазақстан жарнама нарығында шамамен 64 миллион долларды құрады. Оның 90 пайызы телеарналардың еншісіне кетіп жатыр. Қалған қаржы интернет, баспасөз сияқты БАҚ-қа тиесілі. Сол себепті қазақ тілді контентке келмей жатқан жарнама қаржысы үлкен проблема болып тұр. Қазақ тілді контеттерді тұтынушылар өте көп. Біз олардың сұранысын қанағаттандыруға дайынбыз. Бірақ бізге қаржы жетіспейді. Ал телеарналар рейтингіндегі жағдай жоғарыдағыдай. Осыдан барып қазақ тілді аудитория өзге арналарға ауысуда. Олардың ішінде радикалды исламды насихаттайтын БАҚ-та бар» - деді Батыр Қазыбаев өз баяндамасында.
Біз әрине «TNS Central Asia» сияқты Қазақстан аумағында телеарналар рейтингін жалғыз өзі анықтайтын орталық жұмысының нәтижелеріне күмән келтіруден аулақпыз. Бірақ тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі мектеп, колледж, университеттерде тоқтаусыз өсіп келе жатқан қазақ сыныптары мен топтарына қарап, «TNS Central Asia» жұмысына күдікпен қараудан басқа амал жоқ. Бұл жерде мәселе қазақ тілді хабар тарататын телеарна, газат, журналдардың жарнама қаржысынан қағылып жатқанында емес, мәселе телеарналар рейтингін жасауда бәсекелестіктің жоқтығында. Осының салдарынан қазақ тілді аудиторияның өзі көргісі келетін сапалы дүниелерден құр қалып отырғанында. Жалпы, монополистер иемденген саланың арты неге апарып соғатынын саналы адамға баяғыдан біледі. Енді осыны тиісті орындар ұғынса екен деген тілек қана біз де.