Қараша айының ортасында Ресей президенті Владимир Путин мен жапон премьер-министрі Синдзо Абэ Сингапурдегі Шығыс Азия саммитінде Куриль аралдары мәселесін талқыламақ.
Путин мен Абэ 1956 жылғы декларация негізінде бейбіт келісім бойынша өзара келіссөздерді жеделдетпек. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейбіт келісім жасасқаннан кейін Ресей Жапонияға Шикотан аралын беретінін айтты. Жапондық «Asahi Shimbun» басылымы Синдзо Абэнің Ресей президентіне аталған аралдарда америкалық базаларды орналастырмауға уәде бергенін жазды. Осылайша, Жапония аралдардың бір бөлігін алып қана қоймай, АҚШ-пен қауіпсіздік туралы шартқа өзгеріс енгізе алады.
Осы жылдың қыркүйек айында Путин Шығыс экономикалық форумында жапон премьеріне жылдың соңына дейін алдын-ала бейбіт келісімшарт жасауды ұсынған. Сол кезде Путин: «Міне, осындай ой келді. Бірінші бейбіт келісім жасайық. Содан кейін нағыз достар сияқты барлық даулы мәселелерді шешеміз», – деп сенім білдірді. Алайда, Жапония бейбіт келісімге қол қойғанға дейін аумақтық дауды кейінге қалдырудан бас тартты. Жапония Ресеймен арадағы шекара мәселесін шешіп алмайынша, бейбітшілік келісім жүргізбейтінін айтқан. «Japan Times» тілшілерінің жазуынша, Жапония министрлігінің бас кеңесшісі Йосихидэ Суга Куриль аралдарына қарасты Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аймақтарын қайтармайынша аталған жоспар орындалмайды деп кесіп айтқан. Сондай-ақ, саясаткер өз сөзінде нақты жобалар жүзеге аспайынша Путиннің ұсынысына пікір білдірмейміз деген. Ал Ресей Токио мен Мәскеу арасында нәтижелі байланыстың өрбімейтініне алаңдаушылық білдіріп отыр. Жапондық БАҚ мәліметтері бойынша, Токиода ең даулы Итуруп пен Кунашир аралдарының мәселесі шешілсе ғана, Ресейдің ұсынысы қаралады. Жапония бұрын барлық төрт аралдарды беруді талап еткен, ал Ресей тек қана Хабомаи мен Шикотанды қайтаратынын айтты.
Негізінен Жапония «үлкен жетілік» елдерінің ішінде Қырым аннексиясынан кейін Путинмен кездесу ұйымдастырған екінші мемлекет. Соған қарамастан, Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. Яғни екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арнайы келісімшарт жасасқан жоқ. 1956 жылы қос ел бейбітшілік декларациясын қабылдады. Келісім бойынша КСРО бейбітшілік орнағаннан соң екі аралды Жапонияға қайтарып беру мәселесін қарастыруы тиіс еді. Бірақ, КСРО Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша бүкіл Куриль архипелагын өз құрамына қосты. Екі ел басшысы осы мәселеге қатысты 2012 жылдан бері бірнеше рет кездесу ұйымдастырған. Бірақ, кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ. Сол себепті Жапония «жаңа тәсіл» қолдану арқылы Итуруп, Кунашир және Шикотан аралдарын, сондай-ақ кіші Курильдегі Хабомаи шағын аралдарын қайтарып алуды мақсат етеді.