Ұлыбританияның Brexit жоспарына Еуропалық Одақ елдерінің ортақ істер бойынша министрлер кеңесі қолдау білдірді.

Еуроодақтың басты өкілі Мишель Барнье Британияның одақ құрамынан шығу туралы жоспары жоғары деңгейде және үйлесімді жоспарланғанын айтты. Өз мәлімдемесінде ол: «Еуроодаққа мүше елдердің министрлері Ұлыбританияның бөлінуі туралы жобасын және осы елмен болашақ қарым-қатынас туралы саяси қарарды мақұлдады. Сонымен қатар, Ирландия және Солтүстік Ирландия арасында қатал шекара тәртібін енгізбеу үшін ымыраға келдік», – деді. Министрлер кеңесі оң пікір білдірген соң, құжат Еуропарламент пен Ұлыбритания парламентіне жіберілді. Енді 25 қарашада Еуроодақтың кезектен тыс саммиті кезінде премьер-министр Тереза Мэйдің жоспары шешімін табады.

Аустрияның ЕО істері бойынша министрі Гернот Блюмель: «Британияның Еуроодақтан шығуының барлық тұсы бойынша келісіміге келдік. Оның арасында еуропалық және британ азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздік мәселелері де қарастырылады. Мысалы, басқару жүйесі, қаржылық есеп, шекаралық мәселе, географиялық белгілерді де талқыладық. Екі тарап та осы бағытта өзара қадам жасады. Барлығы оң шешімін табатынына сенемін», – деді. Ал Ирландияның Сыртқы істер министрі Саймон Ковни: «Британияның министрлерімен кездесіп, біраз мәселелерді талқыладық. Біздің тараптың ойынша, Біріккен Корольдіктің одақ құрамынан шығу келісімі осы айда бекітілгені дұрыс болады», – деген пікір білдірді.

Айта кетейік, келіссөздер 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Таяуда Мэй үкіметі Brexit келісімінің толыққанды дайын екендігін айтқан. Енді Ұлыбританияның Brexit жоспары келер жылдың наурыз айында жүзеге аспақ.

"The Qazaq Times"