«Маша мен аю» мультсериалының басты мақсаты – путиндік көзқарасты дәріптеу. Бұл туралы «Times» басылымы жазды.

«Times» өз материалында Таллин университетіндегі коммуникация институтының оқытушысы Прит Хыбемяганның Helsingin Sanomat фин газетіндегі сұхбатын назарға алған. Материалда мультфильмдегі негізгі кейіпкер аю империялық Ресейді бейнелейді, ал Маша – президент Путиннің саясаттағы қылықтарын айдан анық көрсетеді және бұл кейіпкердің басты мақсаты – балаларға осы елдің бейнесін жақсы жағынан дәріптеу, әрі ресейлік көзқарасты сіңіру делінген. Сондай-ақ, оқытушы Хыбемяги аталған мультсериал Эстонияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өнімнің қатарында деп санайды. Аталған мақаладан бөлек, британиялық өзге басылымдар «Маша мен аю» мультсериалы путиндік көзқарастан өзге, ресейлік жасырын насихатқа құралған дейді.

Британдық басылымда жарық көрген мақала. Фото: www.bbc.com

Ресей мемлекеттік басылымдары батыстық БАҚ-тардың бұл мәлімдемесін «патологиялық русофобияға» балады. Британиядағы Ресей елшілігі осы мақалаға қатысты Твиттердегі жазбасында: «Бүгін Times газеті маңызды мәселені көтерді: Британия «Маши мен аюдан» қалай сақтана алады? Балтық жағалауы елдерінде сурет салу бойынша жеке оқу орталығын ашу керек пе? Бәлкім, барлық мультипликаторларды ЕО санкциялық тізіміне қосу керек шығар!?», – деп мысқыл түрінде жауап қайтарды. Ал ағылшын тілді сарапшыларының бірі Марк Галеотти: «Маша мен аю» сіздің еліңізді басып алмайды. Мұндай ойлар Ресейге қарсы гибридтік соғыстың сипаты іспетті»,– дейді.

Аталған мультсериалдың авторы, «Анимаккорд» студиясының басшысы Дмитрий Ловейко ешқандай саяси астардың болмағанына сендірді.

Мультсериал кейіпкерлері көптеген елдерде танымал. Суретте: Мехико мәдени орталығындағы «Маша мен аю» спектаклінен көрініс. Фото: www.bbc.com

Қатаң сынға іліккен өзге де мультфильмдер:  

  • 1936 жылы Германияда Диснейлендтің символы «Микки Маус» мультсериалын көрсетуге, насихаттауға қатаң тыйым салынды. Себебі, Гитлер Уолт Диснейді «айлакер еврей және дегенеративті өнерді құрушы» деп есептеген. Сонымен қатар, басты кейіпкер прус офицерінің формасын киіп, америкалық насихат құралы ретінде саналды.
  • 2010 жылы «Оңтүстік парк» атты сатиралық американдық мультфильм сериясының бірінде, жаргон лексика мен өрескел әзілдер қолданылған. Ал «Том мен Джерри» этностық және нәсілдік бөлуді жүзеге асырушы ретінде сынға алынған. Мультфильмнің кейбір кейіпкерлері темекі шеккені үшін мультипликаторларға айыппұл салынды.
  • 2017 жылы американдық «Майяның бастан кешкен оқиғалары» анимациялық сериалындағы эпизодтарының бірінде әдепсіз бейне анықталып, көрермендер тарапынан шағым түсірілген.
  • Танымал «Симпсондар» мультсериалы шетелдің түкпір-түкпірінде әртүрлі пікір қалыптастырған. Мәселен, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары аталған мультсериал зорлық-зомбылық пен агрессияның көріністеріне толы, балалар мен ата-аналар арасындағы антагонизмді дәріптейтінін айтқан. Ал АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Барбара Буш өз сұхбатында: «Симпсондар» – өте нашар туынды» – деген.

Фото: www.bbc.com

«Маша мен аю» мультсериалы Ресейден тыс жерлерде жоғары танымалдылыққа ие болған. YouTube-тің ағылшын тіліндегі арнасында 4 млн-нан астам көрермені бар. Жалпы алғанда, барлық серияларында 40 млрд-тан астам көрініс бар. Аз уақыт ішінде жоғары сұранысқа ие мультфильм танымал Netflix онлайн кинотеатрында да көрсетіледі. Енді жоғарыда аталған мультсериалдардың қатарына ресейлік «Маша мен аю» да қосылды. «Times» басылымы жазғандай, «Путиндік пропагандамен айналысатын» мультфильм өзге мемлекеттер телеарнасынан алынып тасталынуы мүмкін.

"The Qazaq Times"