Нұрсұлтан Назарбаев: «Қытайдың өзінің ішкі проблемалары жетіп артылады» - деп мәлімдеді.
Бүгін Астана қаласында өткен «Astana Club» отырысында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына қысқаша тоқталды.
«Біреулер айтады Қытай мемлекет болып көрінгісі келетін құрлық деп. Қытай – бұл халық ретінде өзін таныстырғысы келетін өркениет. Біз Қытайдың ең жақын көршісіміз. Бізді 1700 шақырымдық шекара бөліп тұр. Біз ешқандай экспансияны, ешқандай басып алуды сезініп отырған жоқпыз. Мен Қытай төрағасы Ши Жиңпиңмен жиі кездесемін және бұл тақырыптарда ашық әңгімелесемін. Қытайдың өзге елдерге экспансия жасайтын ойы жоқ. Олардың өздерінің миграция, жұмыссыздық сияқты іші проблемалары жетіп артылады. Керсінше, оларға даму үшін тыныштық керек. «Жібек жолы» жобасына 60-тан астам мемлекет қатысуда. Қытайда қатысушы мемлекеттердің дамуына көмектесетіндей қаржы бар. Мен бұдан басып алу қауіпін көріп тұрған жоқпын» - деп мәлімдеді Назарбаев.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде «Қазақстан аумағына Қытайдың 51 кәсіпорыны салынады» деген ақпарат тараған және бұл кейіннен халық тарапынан үлкен сынға ұшыраған. Ал 2016 жылы болған жер митингінде халық «Қытайға жерімізді бермейміз!» деген лозунгпен алаңға шыққан.
Бұдан бөлек соңғы жылдары халық арасында Қытайдағы қазақ мәселесі қызып тұр. Себебі жергілікті билік арғы беттегі этникалық қазақтарды қудалап, мәжбүрлі түрде саяси үйрену лагерлеріне аттандыруда. Осыған байланысты былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген этникалық қазақ Өмірхан Алтын Назарбаевтың алдында мәлімдеме жасаған. Кейіннен мемлекет басшысы СІМ мен құзырлы органдарға аталмыш мәселеге мемлекеттік деңгейде араласуға тапсырма берген. Бірақ сол уақыттан бері Қытай тарапы Қазақстан СІМ жіберген ноталарға мардымды жауап қатпай келеді.