Кеңестер одағының алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев: «Әлемге төніп тұрған ең басты қауіп - жаңа қарулану жарысы» - деп мәлімдеді.
Қараша айының 8-і күні германиялық режиссер Вернер Герцог пен ұлыбританиялық документалист Андре Сингердің Кеңестер одағының алғашқы және соңғы президенті туралы түсірген филімінің тұсау кесерінде Горбачев атындағы қордың баспасөз хатшысы Павел Палажченко экс-президенттің хатын оқыды.
Хатта Михаил Горбачев қазір әлемде болып жатқан жаппай қарулану жарысына қатысты өз ойын айтқан. Ол онда: «Қазір біз әлемді артқа лақтырып тастайтын әрекеттерді көріп отырмыз. Әлемге төніп тұрған ең басты қауіп – жаңа қарулану жарысы. Бүгінгі таңда ядролық соғысты қалыпты жағдай ретінде талқылауда. Оған немқұрайлы қарап, соғысқа дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұдан ары баратын жол жоқ. Мен ядролық соғысты тоқтатуға болатынына сенемін және соған бар күш-жігерімді жұмсаймын» - деген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Михаил Горбачев АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығуын үлкен қателік деп бағалап, әлем жаңа жаппай қарулану жарысына аяқ басты деп мәлімдеген. АҚШ пен Кеңестер одағы аталмыш келісімге 1987 жылы Михаил Горбаечев президент болып тұрған тұста қол қойған.