АҚШ пен Қытайдың басшылары қарашаның соңында Аргентинада өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті кезінде кездесуге уағдаласты. Қытай басшысы Ши Жинпиң бейсенбі күні мәлімдеме жасап, Бейжің тарабының келіссөз арқылы АҚШ-Қытай арасындағы қалыптасқан шиеленістерді шешуге талпынатынын, алайда Құрама Штаттар Қытайдың өзінің таңдаған жолымен даму құқығын құрметтеу керек екенін жеткізді. Ши Жинпиң бұл пікірін бейсенбі күні Бейжіңде АҚШ-тың бұрынғы мемлекет хатшысы Киссинджермен кездескен кезде ортаға салды.
Қытайдың халықаралық сауда және өңірлік қауіпсіздікке байланысты саясаты халықаралық қауымдастықтың сын-пікіріне ұшырады. АҚШ Қытайдан құрылымдық реформалар жасап, әділ сауда саясатын орнатуды талап етті. Сәрсенбі күні АҚШ президентті Дональлд Трамп Қытайдың 2025 стратегиясын тастап, әлемдік сауда айналымында Батыс елдерімен бірге тұруы керек екенін айтты. Алайда, бұл айтылғандарды қазірше Қытай билігі қабылдар емес.
Қытай басшысы Киссинджермен кездесу кезінде, Аргентинадағы саммит кезінде бұл туралы президент Трамппен пікір алмасатынын айтып өтті. АҚШ-Қытай сауда соғысына байланысты, әлем елдерінің үкіметтері мен ақпарат құралдары осы айдың соңында болатын Трамп-Ши арасындағы кездесуге көз тігуде. Киссинджердің Бейжің сапары да алдағы келіссөздің кедергілерін азайту мақсатында жасалған. Екі ел басшылары қандай келісімге келетінін болжап айту қиын. Себебі, бұл текетірес екі елдің де түбірлі мүдделерінің қайшылығынан келіп шыққан.