Макронның араласуымен Трамп пен Путин кездесуі кейінге қалдырылды.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Париж қаласында жоспарланған кездесуі Франция президенті Эммануэль Макронның өтініші бойынша кейінге қалдырылған. Болжам бойынша, Макрон бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шара барысында Трамп пен Путиннің кездесу өткізуіне қарсылық білдірген. Оның бұндай қадамға баруына әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының аталмыш кездеуге деген шамадан тыс қызығушылығы себеп болған. Макрон 100 жылдыққа орай ұйымдастырылатын шаралардың Трамп пен Путин кездесуінің тасасында қалып қоюына алаңдаушылық білдірген.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары «Трамп пен Путин 11 қараша күні Парижде кездесу өткізеді» деген ақпарат таратқан. Бірақ кейіннен АҚШ президенті ресейлік әріптесімен өтетін кездеудің болмай қалуы мүмкін екендігін айтқан. Трамптың сөзінше, Путинмен кездесу Буэйнос- Айрес қаласында өтетін G-20 саммиті аясында болуы мүмкін.