Кеше Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанға белгілі эстрада жұлдыздары Аққу мен Гүлназдың «Жырлаймын далам, Отаным – анам» атты өнер кеші өтті.
Өнер кешінде Аққу мен Гүлназдың өз туындылары, репертуарындағы лирикалы сазды әндермен қоса, туған жер, отан тақырыбындағы патриоттық өнер туындыларымен өнер сүйер қауымға шашу шашты.
Шығармашылық кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Секен Тұрысбеков, елімізге белгілі эстрада жұлдыздары Қаракөз Тілеубекова, Нұрлан Әлімжанов, Қазыбек Әдікей, Отанбек Еңсехан, Гүлбаһрам Байбосынова, «Отан» тобы, басқа да өнер жұлдыздары да кеш иелерінің өнер туындыларын орындады. Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ансамблі концерттік шараны әрлей түсті.
Аққу мен Гүлназ аталған шығармашылық кешін тәуелсіз қазақ жұртына және Астананың 20 жылдығына арнаған. Концерттік шара, сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауына да ие.