Кеше ғана Мәскеуде Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) конгресі өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды. Президенттікке кандидат болған Өзбекстан елінің өкілі Ғафур Рахимов өзінің бәсекелесі қазақстандық Серік Қонақбаевтан озып, көп дауыс жинады.
Конгреске қатысқан 134 делегаттың 86-сы өз дауыстарын AIBA-ның уақытша президенті Ғафур Рахимовқа берген. Енді оның өкілеттілігі 2022 жылы аяқталмақ. Бұған дейін Халықаралық олимпиада комитеті Рахимовтың AIBA басшысы болып сайлануына қарсылық білдірген. Егер Өзбекстан өкілі сайланар болса, онда бокстың олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін екенін де ескерткен. Бірақ конгресте сөз алған Рахимов өзінің басшы болып келгелі бірқатар іргелі істер атқарғанын, қауымдастықтың ендігі кезекте әділ жұмыс істейтінін айтты.
«Мен басшылыққа келген кезде AIBA-ның 40 млн долларға жуық қарызы болды. Кредиторлар жан-жақтан қыспаққа алып, қарыздарын өтеуді сұрап жатты. Біз бірқатар келіссөздер жүргізу арқылы ол қарыздардың біраз бөлігінен құтылдық. Енді қалған бөлігін демеушілік келісімшарттар арқылы реттейміз» деген болатын.
Өз кезегінде Серік Қонақбаев та сайлау қорытындысына қатысты ойын білдірген.
«Мен әрине нәтиженің бұлай болғанына таңғалдым. Дегенмен мен спортта қала беремін және бокстың болашағы үшін күресімді жалғастырамын. Әлемдегі барлық боксшылардың олимпиададағы болашағы үшін қолдан келгенді жасаймын. Бұл ештеңенің соңы емес. Тек басы ғана. Біз күресті тоқтатпаймыз. Тек бірінші раунд ғана аяқталды, алда әлі екіншісі бар. Мені қолдағандарға алғыс айтамын. Әсіресе, қазақстандықтарға. Біз бірге боксты қайтадан ұлы спортқа айналдырамыз» деген ол.
Осыған орай қоғамда бокстың алдағы тағдырына қатысты көптеген пікірлер туындауда. Қазір рас, әуесқойға қарағанда кәсіпқой бокстың қызығы басым болып бара жатқандай. Көптеген боксшылар кәсіпқой карьера бастап, атақ пен ақшаны сол жақтан іздеуге көшкен. Бәлкім, бокстың болашағы сол ма екен? Дегенмен әуесқой бокстың да өзіндік ізі, өзіндік стилі өшпеуге тиіс қой. Басқа, басқа әуесқой бокс Қазақстан үшін ерекше орны бар спорт. Сондықтан спорт сарапшыларымен пікірлесіп, көкейдегі сауалдарды қойған едік.
Белгілі спорт шолуышысы Бек Төлеудің айтуынша, Рахимов Ресей қолдауының арқасында жеңіп шыққан.
«Осы төңіректе көп әңгіме айтылып жүр, нақтысын уақыт көрсетеді. Бұл енді саяси текетіреске алып келетін сияқты. Рахимовты Ресей ашық түрде қолдап отыр. Ал АҚШ оған қарсы. Меніңше, бокс Токио Олимпиадасында міндетті түрде болады. Қонақбаев осы уақытқа дейін талай лауазымды қызметтер атқарды. Бірақ ашылып сөйлеп, біреуді қолдап немесе сын айтып жатқанын көрген емеспін. Бірнеше жыл Мәжілісте де депутат болды ғой. Азия боксын да басқарды. Менеджер ретінде толыққанды көрсете алмай жүргенін ғана білемін, басқа ештеңе айта алмаймын. Алда әлем мен Азия чемпионаты бар. Сол жарыстарда көреміз. Онсызда 8 салмаққа дейін азайып қалған бокста белдесу басу болса жарамас.
Өз басым шлем кисе де, 1996-2008 жылға дейінгі боксты жоғары бағалаймын. Лондонды Серік Сәпиев үшін көрдім. Ал Рионы тиіп-қашып қарадым. Себебі, бұрынғыдай экран алдында көрерменді ұстап отыратындай бокстың қызығы азайып барады. Оған бірінші кезекте AIBA-ның бұрынғы президенті және оның командасы кінәлі деп ойлаймын» дейді ол.
Танымал спорт комментаторы Рауан Оқас та Серіктің басшы болып келуі бәрібір табысқа жетелемес еді деп ойлайды. Сондықтан әрі бизнесмен, әрі ұйымдастырушылық қабілетке ие Рахимовтың сайлануы әділеттірек.
«Рахимовтың келуімен әуесқой бокс Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталады деген қаңқу сөздер деп ойлаймын. Бокс кетсе, Олимпиада ойындарының қызығы қалмайды. Бұған жол жоқ, алып тастар болса неге допингі ушығып тұрған ауыр атлетиканы алып тастамайды? Әділетсіздіктер тек бокста ғана емес, күресте бар. Онда күресті алып тастасын. Рахимов керісінше АИБА-дағы былықтарды реттейді. Оның беделі мықты, сөзі өтімді, ақшасы бар. Рахимов уақытша Президент болған кезінде АИБА-ның 40 миллиондай қарызын жауып берді» дейді ол.
Комментатордың пікірінше, Рахимовтың билік басына келуі – өзбектерді ұшпаққа шығара қоймайды.
«Серік мырзаның әлеуеті анау айтарлықтай емес. Өзіндік шешім қабылдайды дегенге сенбеймін, ол кісінің артында басқа азаматтар тұр. Ал Рахимов тек боксқа ғана емес, күрес, басқа да спортқа әсер етіп жүрген азамат. Ол басшы болған соң, өзбек боксшылары атой салады деген жансақ пікір. Керісінше әділетті болады. Бұрынырақ сырттай әсер еткен болса, іште жүріп әсер ету өте қиын.
Әуесқой бокстың әлеуетін арттырып тұрған Олимпиада ойындары. Керісінше, Қазақстанда әлі әуесқой боксқа қызығады. Кәсіпқойды онша біле бермейді, белдіктерді ажырата алмайды. Белдігі барлардың барлығын чемпион деп қабылдайды» дейді Рауан Оқас.
Мәскеуде өткен конгресте 2022 жылғы Токио олимпиадасында ойнатылатын жаңа салмақ категориялары белгіленді. Сонымен Токиода ерлер – 8, әйелдер – 5 салмақ категориясы бойынша сынға түседі.
Ерлердің салмағы: 57, 63, 69, 75, 81, 91, 91+
Олимпиада ойындарына барлығы 214 боксшы қатысады.
Әйелдердің салмағы: 51, 57, 60, 69, 75
Олимпиада ойындарына барлығы 72 әйел боксшы қатысады.
Сондай-ақ олимпиада ойындарына кәсіпқой боксшылардың да қатысу лимиті бекітілді. Ол бойынша олимпиадаға қатысуға үміткер боксшы кәсіпқой карьерасында 15 жекпе-жектен кем кездесу өткізбеген болуы тиіс. Сондай-ақ боксшылар WSB жобасы арқылы да жолдама алады.