Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Жириновский: «Алматы Ресейдің Орталық Азия федералды округының астанасы болуы тиіс» - деп мәлімдеді.

1 қараша күні Тәжікстанға ресми іссапармен барған Ресейдің Либералды-демократиялық партиясының (ЛДПР) лидері Владимир Жириновский

таяу уақытта «ЛДПР» думаға "Ресей аумағында Тәжікстан азаматтарының ерекше мәртебесі жөніндегі" заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Тәжікстанда жұмыс күші көп, ал Ресейде ақша көп, екі ел осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек.

"Біз Душанбеде болашақ еңбек мигранттарына арналған арнайы мектеп салуды шештік. Бұл мектепте тәжік жастары орыс тілін және арнайы мамандықтарды оқитын болады. Кейін кез келген жұмысқа орналаса алады", - деді Жириновский.

Ресей саясаткері әлі де Ресейдің Орталық Азия федералды округы құрылу керек деп есептейді. Оның астанасы - Алматы болу керек дейді. Оған Орталық Азия елдері ерікті түрде қосылу керек деп санайды. "Қытаймен, Еуропалық одақпен, Ресеймен көрші мемлекеттер үшін, олармен бәсекелесу үшін, мұндай құрылым құру маңызды", - дейді саясаткер.

Жалпы, Владимир Жириновский бұған дейін біршеше рет Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресей қосу керек, Орталық Азия елдері Ресей империясының сателиті болуы тиіс деген сияқы мәлімдемелер жасаған. Қазақстандық азаматтық белсенділер ел билігінен Жириновский сияқты адамдарға Қазақстанға кіруге тыйым салуды сұраған. Бірақ ресми Ақорда олардың бұндай талабына ешқандай жауап қатпаған.

"The Qazaq Times"