Ресми Астана мен Мәскеу қарым-қатынасы күн өткен сайын ушығуда.

Қараша айының 1-і күні Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ресей үкімет басшысы Дмитрий Медведев екіжақтық қарым-қатынасты одан ары дамытуға байланысты келіссөздер жүргізеді және 9 қараша күні өтетін Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуінің алғышарттарын дайындайды.

Назарбаев пен Путин 9 қараша күні Петропавл қаласында шекарааралық ынтымақтастық форумы аясында кездесу өткізеді деп күтілуде. Сарапшылар пікірінше, бұл жолғы кездесуде қос тарап Ресейдің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді АҚШ санкциясына қарсы бірлесіп күресу жөніндегі бастамасын талқылауы мүмкін.

Жалпы, соңғы уақттары ресми Мәскеу өзінің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерін бірлесіп АҚШ-қа қарсы контрсанкция салуға жиі шақыруда. Ресейдің бұл бастамасы Америка эконмикасымен салыстырғанда «баланың ойыншығындай» болып қалатын Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларуське тиімсіз екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Ресейдің бұл бастамасы Қазақстанның ұзақ жылдар бойы ұстанып келе жатқан көп векторлы саясатына да кереғар. Десе де, ресми Мәскеу өзінің АҚШ-пен арадағы сауда соғысына Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерін тартуын тоқтатар емес.

Саясаттанушы, Досым Сәтбаевтың пікірінше, егер ресми Астана Мәскеу бастамасын қолдайтын болса, онда ол болашақта Қазақстан экономикасына үлкен проблемалар алып келуі мүмкін.

«Ресеймен салыстырғанда Қазақстанның сыртқы саясаты дипломатиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да көп векторлы. Қазір Ресейдің АҚШ пен Еуроодақтың бірқатар елдерімен сауда соғысын жүргізіп жатқаны белгілі. Бірақ Қазақстанның бірінші кезектегі сауда серіктестері Ресей немесе Қытай емес, дәл осы Еуроодақ елдері. Астанаға бұл мәселеге араласу тиімсіз» - деп есептейді Досым Сәтбаев.

Халықаралық сарапшылардың сөзінше, Ресейдің соңғы уақыттары Қазақстан тауарларын өз аумағына өткізбей қоюы дәл осы АҚШ-қа салынуы тиіс контрсанкция төңірегінде болып жатқан саяси ойындардың бір бөлігі. Ресми Мәскеу өзінің осы іс-әрекеті арқылы Астанаға қысым көрсеткісі келеді. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстан билігі Ресейдің бұл әрекетіне қандай да бір жауап қатпаған және Мәскеу бастамасын қолдауға ешқандай ниет білдірмеген.

"The Qazaq Times"