Өзбекстан экономикалық тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін.

Ресей президенті Владимир Путиннің қазан айының 18-19 күндері аралығында Ташкентке жасаған сапарынан кейін БАҚ өкілдері Өзбек-Ресей қарым-қатынасын жарыса жазуда. Бірі Путиннің бұл жолғы сапарын «тарихи сәтке» баласа, енді бірі бұл сапарға «Өзбекстан экономикасы өзгенің қолына өтуде» деген баға беруде.

Владимир Путиннің Ташкентке сапары Шавкат Мирзиеевтың оны аса жоғары құрметпен әуежайдан күтіп алуымен басталды. Жұрттың барлығы өзбек басшысының Путиннің «аяғын жерге тигізбей» қарсы алғанын талқылады, жазды, сызды, айтты. Бұл күннің емес аптаның басты жаңалығы болды. Кейіннен өзбекстандық БАҚ қос тараптың кездесу барысында құны 27 миллиард долларды құрайтын 800-ге жуық құжатқа қол қойғандығын жариялады. Мәселенің барлығы осы жерде басталды.

Өзбекстандық жорналшылардың жазуынша, Ташкенттегі бас қосуда Путин мен Мирзиеев ауылшаруашылығынан бастап, ғарышқа дейін, қарапайым станоктардан әскери техникаларға дейінгі аралықтағы келісім құжаттарының барлығына қол қойды. Жоғарыда айтқанымыздай келісімдердің жалпы құны 27 миллиард долларды құрады. Оның ішінде 27,1 млрд доллар аймақ аралық, 1,76 миллиард доллар сауда-саттық, 25,3 миллиард доллар инвестициялық келісім құжаттары бар.

Халықаралық сарапшылар пікрінше, егер Өзбекстан билігі дәл осы бағытта Ресеймен бірлесіп жұмыс істей беретін болса, онда алдағы бес-он жылда өзінің экономикалық тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін. Себебі Ресей Батыс елдерімен болып жатқан сауда соғысынан кейін өзінің ТМД аумағындағы ықпалын одан ары арттыруға кіріскен. Бұған Владимир Путиннің Ташкент сапары алдында Сочи қаласында өткен «Валдай» пікірталас клубының отырысында сөйлеген мына бір сөзі дәлел: «Қазір Мәскеу үшін батыстан қарағанда шығыс маңыздырақ. Соңғы уақытта әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлардан кейін Ресейдің Орталық Азияға қайтып оралуы қалыпты дүние».

Путиннің бұл мәлімдемесінен кейін алдағы уақытта Ресейдің қай бағытта жұмыс істейтінін аңғару қиын емес. Негізінде бірқатар халықаралық сарапшылар тобы Ресейдің ТМД аумағында Кеңестер одағы тұсында болған көлік, темір жол, сауда-экономикалық, әскери-техникалық байланыстарды қайта қалпына келтіруге қадамдар жасап жатқанын бұған дейін де айтқан. Бұл тақырып осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құрған тұста да қызу талқыланған. Бірақ қанша талқыланса да «жабулы қазан жабулы күйінде қалған».

"The Qazaq Times"