Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абе осы аптада Қытайға ресми сапармен бармақ. Бұл оның 2012 жылы Жапония премьер-министрі болып сайланғаннан бергі алғаш рет Қытайға ресми сапармен баруы болмақ. Осыған байланысты әлем ақпарат құралдарында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы тарихи қайшылықтағы Қытай-Жапонияның қарым-қатынасын жақындата түсуі мүмкін деген болжамдар айтуда.
Жапон бас уәзірінің Бейжіңдегі үш күндік сапары екі ел арасындағы тарихи дау-дамайды толық шешіп кете алмауы мүмкін. Алайда, бұл екі елдің үкімет тізгінін ұстап отырған басшылар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, сол арқылы экономикалық байланысты, бір-біріне деген стратегиялық саясатты өзгертуге себеп болуы мүмкін.
Шинзо Абе бейсенбі күні өзінің алғаш реткі ресми Қытай сапарын бастайды. Жапон премьерінің делегациясында 500-ден аса жапондық бизнес көшбасшылары бар. Олар қытайлық бизнес көшбасшыларымен инвестициялық форумдарға қатысады және үшінші әлем елдерінің ынтымақтастығына қатысты мәселелерді талқылайды.
Уашингтонмен қарым-қатынасы барған сайын нашарлай түскен Бейжің билігі, бұл реткі жапондық қонақтарына барынша ыстық ықылас көрсетуі мүмкін. Қытай-жапон арасындағы тарихи қайшылықтарды, еларалық кірбеңдіктерді, территориялық дауларды шешуді кейінге ығыстыра тұрып, Токиомен тығыз байланыс орнатуға құлшынатыны анық. Бұл Бейжің билігінің саяси психологиясы мен қазіргі АҚШ-Қытай қайшылығы осы болжамды шындыққа жақын деуге итермелейді.
Ал, Жапония жөнінен алып айтқанда, бұл Қытай сынды алып базарға кірудің үлкен орайы саналады. Көп жылдан бері Бейжің мен Токио арасындағы қайшылық (көбіне көп Бейжіңнің Жапонияға қаратқан саясаты екі ел арасындағы ұзақ мерзімге созылған саяси кірбеңдікті тудырды) Жапонияның Қытай базарына кіруіне бөгесін болып келді. Ал, бұл орайды Шинзо Абеге Трамптың жаратып бергені баршаға белгілі. Әрі, бұл Жапонияның дипломатиялық мүдделеріне де сай келеді. Ал, жапондық компаниялар Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына орай ынтымақтастық келісімдерін жасасып жатса, бұл Қытай үшін көбірек тиімді.
Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы өтеді деп жоспарланған елдерде, Қытайдың көлемді несиелеріне деген сенімсіздік пайда болған. Ол әрине заңды да. Себебі, Қытайдың Африкадағы, Орта-Шығыстағы, Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы қадамдары осы сенімсіздікке басты себеп болып отыр. Ал, жапон компаниялары Қытаймен осы салада ынтымақтастыққа келуі бұл жағында Қытайға зор қолдау көрсеткенмен бірдей. Тайуандық (Тайваньдық) ақпарат құралдары, бұл Қытай несиесіне байланысты алаңдаушылықтар мен сын-пікірлерді жоюға көмектеседі деген пікірді де айтады.
Құрама Штат басылымдарының айтуынша, Абе мырзаның Қытай сапары кезінде екі елдің инвестициялық жоспарлар сериясын жариялануы да мүмкін. Кейбір бақылаушылар екі елдің Таиланд сияқты жерлерде ынтымақтасатын-көрмейтінін күтуде. Тіпті, кейбір америкалық сарапшылар, екі ел өзге бір мемлекеттерде бірлескен жобаларды жүзеге асыруы да мүмкін деп қарайды.
Жапон премьері Қытай сапарынан бұрын, Жапонияның экономикалық дамуды ынталандыру мақсатында, жаһандық деңгейде инфрақұрылымды құруға қолдау көрсететінін анық аңғартты. Бұл рет Жапония мен Қытай арасындағы сауда келісімі былтыр Трамптың Қытай сапары кезінде қол қойылған келісімдердің құнына қарайлас болады деп күтіледі.
Бір сөзбен айтқанда жапон премьерінің Қытай сапары халықаралық жағдайларда бірқатар өзгерістерді алып келмек. Бұл Қытайдың да әлем елдерімен қарым-қатынасына да өзгеріс енгізуі мүмкін. Алайда, Жапонияның Қытаймен байланысын жақсартуы Қытайдың қыспақтан шығар жолды тапқаны болып саналмайды. Себебі, Бейжің билігі өзінің экономикалық саясаттарына Трамп айтқандай өзгертулер енгізбесе, ашық экономикалық саясаттарды жолға қоймаса, АҚШ-пен арадағы сауда дауы толастамақ емес. Оның үстіне, Жапония Қытайдан өзіне төнетін қауіпті сейілтудің түрлі жолын іздеп келеді. Соңғы кездері Жапония осы мақсатта өзінің қорғаныс қуатын арттыруға кірісті. Жапония, Тайуан, Оңтүстік Корея, Филиппин, Индонезия, Вьетнам бұлар тарихтан бері Қытайдың теңіздегі ықпалына қарсы тұтасқан қамал болып келе жатқан елдер.
Ал, жақында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Жапонияға сапармен барады. Оның Токио сапарының басты мақсаттары қатарында, теңіздегі стратегиялық ынтымақтастықты бекемдеп, Қытайдың ықпалын әлсірету екені тағы бар.
АҚШ үкіметі Қытайдың Африкадағы жобаларына тең тұратын «Жаңа Африка стратегиясын» жариялауға дайын отыр. Сонымен қоса, Жапония тарихи одақтасы саналады. Қытай үшін Жапониямен тығыз экономикалық байланысты АҚШ-қа қарсы қару ретінде сілтемей, керісінше, нарықтық экономика құруға, ашық экономика саясатын жүргізуге, несиелері арқылы шағын дамушы елдерді өзіне тәуелді етуден көрі ортақ дамуы жобаларын жүзеге асыруды қолға алғаны дұрыс болмақ. Себебі, қазір Қытайдың ішкі-сыртқы саясаттары толықтай Қытайға қарсылықты барынша өршітіп отыр.