АҚШ-тың Қазына департаменті 2012 жылы шілдеде Иранмен жасасқан операцияларына байланысты  Күнлүн Банкке (Kunlun Bank) санкция енгізген болатын. Санкция негізінде аталған банктың АҚШ долларымен есеп айырысу арнасын жауып тасталды. Күнлүн банкі тек еуро және РМБ (Халық ақшасы/юань) арқылы есеп жасасатын болған.

Ал, жақындағы «Рейтер» агенттігінің хабарына қарағанда, Қытай мен Иран арасындағы валютаға қатысты операциялардың негізі болып саналатын Күнлүн Банк АҚШ-тың Иранға бағыттаған қатаң санкциялары қайта іске қосылғанына байланысты, Ираннан юань арқылы жасалған төлемдерді қабылдаудан бас тартты. Бұл Иранның мұнай саудасы мен Қытаймен жасасатын барлық импорт-экспортына кері әсерін тигізбек.

Қазірге, аталған банк Иран мұнайымен тікелей байланыстағы PetroChina компаниясына ауызша хабарландыру жолдады. 1 қарашадан бастап Ираннан РБМ (халық ақшасы) төлемдерін қабылдауды тоқтатпақ. Ал, 1 тамыздан бастап Kunlun Bank еуро төлемдерін қабылдауды тоқтатқан болатын.

Қытай Ираннан мұнай сатып алушы ірі ел саналады. Тек қыркүйек айына дейін Қытай Ираннан 1,5 млрд АҚШ долларына мұнай сатып алды. Осы мұнай саудасы негізінен Күнлүн Банк арқылы жүзеге асқан болатын. Хабарға қарағанда, қазан айынан бастап Қытай Иран мұнайын сатып алуды біртіндеп азайтады.

Күнлүн Банктің аталған шешімі Қытай Иран арасындағы сауда байланыстарына да үлкен әсер етпек. Тауар сату-сатып алу, қызмет өтеудің төлемдері екі ел арасында Күнлүн Бакінің операцияларымен тікелей байланысты. Дегенмен, кейбір сарапшылар бұл Қытай банктерінің АҚШ санкциясынан жалтару мақсатында жасап отырған әрекеттері болуы мүмкін дегенді айтады. Немесе, алдағы уақытта АҚШ санкция тізіміне енген жаңа қытайлық банк Иран мен Қытай арасындағы валюта операцияларын жүргізуі мүмкін.

“The Qazaq Times”