Еуроодақ Түркіменстан газын сатып алуға мүдделі.

Жақында вице-премьер М. Мередов бастаған Түкіменстан делегациясы Брюссельге ресми іссапармен барды. Онда олар Еурокомиссия төрағасының энергетика мәселелері бойынша орынбасары Марош Шевчовичпен кездесу өткізді. Кездесу барысында қос тарап Еуропа мен Түркіменстанды байланыстыратын Транскаспий газ құбыры жобасын, Каспийді дамыту корпорациясының жұмысын одан ары дамыту жөнінде келіссөздер жүргізді.

Ресми Ашхабад таратқан ақпарат бойынша, Еуроодақ өкілдері Түркіменстан газын сатып алуға мүдделі және Транскаспий жобасына инвестиция тартуға дайын.

Ұзақ жылдардан бері дау туғызып келген Түркіменстанның Транскаспий жобасы биыл Ақтау қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің саммитінде шешімін тапқан. Каспий теңізіне ерекше құқықтық мәртебе беретін Конвенцияның қабылдануы ресми Ашхабадтың Еуропаға газ тасымалдауына мүмкіндік берген.

Транскапий жобасы бойынша, Түркіменстан 30 жыл бойы жылына 30 миллиард кубметр газ тасымалдайды. Бұл Ашхабад үшін үлкен экономикалық жоба.

Осы уақытқа дейін Еуропа нарығын "ашса алақанында, жұмыс жұдырығында" ұстап келген Ресейге Түркіменстан қаншалықты бәсекелес болады ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде халықаралық сарапшылар түркімен газының Еуропада үлкен сұранысқа ие болатынын және Еуроодақ елдерінің Ресейдің газ ықпалынан шығу үшін Ашхабадтың демократиялық құндылықтарға сай келмейтін бірқатар әрекеттеріне көз жұма қарайтынын тілге тиек етуде. Бір сөзбен айтқанда егер Транскаспий жобасы іске қосылатын болса, онда ел президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов пен оның жақтастары табиғи газдың арқасында кем дегенде "30 жыл алаңсыз өмір сүреді".

"The Qazaq Times"