Аннексияланған Қырымның Керчь қаласындағы Политехникалық колледжінде болған атыс пен жарылыстан зардап шеккен бес адам комада жатыр.

Жансақтау бөліміне барлығы он адам түскен. Бұл туралы "Россия 24" телеарнасының эфирінде Ресейдің денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова хабарлады.

Қырым басшысы Сергей Аксеновтың хабарлауынша, колледжде атыс шығарған студент қылмысқа алдын ала дайындалған. Қазан айында оған аң аулауға арналған қаруға рұқсат берілген.

"Интерфакс" дереккөзі шабуылдаушы мұғаліммен араздығы үшін осылай жасауы мүмкін екендігін айтқан.

17 қазанда Керчь қаласындағы Политехникалық колледжде болған шабуылдан кем дегенде 19 адам қаза тауып, шамамен 70 адам зардап шекті. Оқу мекемесіне шабуылды 18 жастағы студент Владислав Росляков жасады. Ол кейіннен өз өзін атып өлтірген.

Мәскеу бақылауындағы Қырымда аза тұту күндері жарияланды. Ресей президенті Владимир Путин шабуылдаушының мотивін анықтауды тапсырды. Керчтегі шабуылдан опат болғандардың туыстарына Украина президенті Петр Порошенко көңіл айтты.

"The Qazaq Times"