Сауд патшалығының билігі оппозициялық журналистің жоғалуына байланысты халықаралық қысымда қалып қойды. Жексенбі күні Германия, Франция және Ұлыбританиядағы СІМ басшылары бірлескен мәлімдеме таратып, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисті Жамал Хашоггиннің жоғалып кетуіне алаңдаушылық білдірді және бұл істі жіті қарап тексеру керек екенін айтты. Бұл іске қатысты адамдарды жазалауға шақырды. Бірақ, бұған қарсы Сауд Арабия билігі де мәлімдеме жасап, Жамал Хашоггиннің ісіне байланысты қандайда бір санкцияға қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
Эр-Риядтың патшалық билігін қатаң сынға алып келе жатқан араб журналисті Хашоггин 2 қазан күні Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігіне кіргеннен кейін із-түссіз жоғалып кетеді. Түркиялық БАҚ оны Сауд Арабияның агенттері елшілікте өлтіріп кетті деген хабар таратты. Бірақ оны Сауд үкіметі жоққа шығарды.
Жексенбі күні жарияланған, Германия, Франция және Ұлыбритания СІМ басшыларының бірлескен мәлімдемесінде: «Біз бұл мәселеде Сауд-Түрік бірлескен жұмыстарын қолдаймыз. Сонымен бірге Сауд Арабиясы үкіметі жағынан егжей-тегжейлі түсіндіру талап етеміз», – деді.
Құрама Штаттардың президенті Дональд Трамп та бұл туралы мәлімдеме жасап, сауд арабиялық журналистің ісі анықталып, оған қол салынғаны расталса бұл істі жасағандар аяусыз жазаға тартылатын айтқан.
Жексенбіде Сауд Арабиясының ресми ақпарат агенттігі хабарлама таратты. Онда аты аталмаған жоғары лауазымдының мәлімдемесі жария етілген. Мәлімдемеде, аталған журналистің өліміне байланысты кез-келген экономикалық немесе саяси үркіту-қорқытуға Эр-Рияд билігінің қатаң реакция танытатыны ескертілген. Тіпті, кез-келген шаралар Сауд патшалығы жағынан жауапсыз қалмайтыны да айтылды.
Сауд Арабия билігін Жамал Хашоггиннің жоғалу ісіне байланысты бірқатар халықаралық қысымдар күтіп тұр. Енді 9 күннен кейін Сауд Арабиясында Future Investment Initiative (FII) деп аталатын халықаралық ауқымды инвестициялық форум өтпек. Оған Сауд Арабияға инвестиция салуға үміткер әлемдік бірқатар ірі компаниялар қатыспақ. Алайда, Жамал Хашоггиннің жоғалу ісінен кейін және Сауд патшалығының жасаған мәлімдемелерінен кейін бір қатар ірі компаниялар аталған форумға қатысудан бас тартты.
Осымен бірге, форумға қатысуға тиісті АҚШ-тың финанс министрі Стив Мнучин мен Британияның халықаралық сауда жөніндегі министрі Лиман Фокс Сауд Арабия сапарынан бас тартуы мүмкін деген хабарлар бар. Ақ үйдің мәлімдемесінде Мнучинның форумға бару-бармауы әлі тұрақтанбағанын айтты.
FII форумына Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман қатыспақ. Ол қазір Сауд Арабиясында ауқымды реформаларды жүзеге асыруға тырысып жатқаны белгілі. Дегенмен, форумның бірқатар демеушілері, ықпалды медиа ұйымдары сапарынан бас тартқаны белгілі болды. Бәрі оппозициялық журналистің жоғалу ісін басты себеп етіп отыр.
Түркия СІМ басшысы Мевлут Шавушоғлу Сауд Арабиясының қазірге дейін тексеру істеріне қатыспай жатқанын мәлімдеген. Дегенмен, Сауд Арабиясының лауазымдылары мәлімдемесінде, өздерінің де шындықты білгісі келетінін айтқаны бар. Ал, істі тексеруге белсенділік танытып тұрған Түркия СІМ тарабы Сауд патшалығынан елшілікке кіруге рұқсат сұрауда. Қалай болмасын, Жамал Хашоггиннің жоғалуы Сауд Арабиясының билігіне дипломатиялық қысымдарды күшейте түсті.