АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған тұста, АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Шығыс Солтүстік Азиядағы төрт елге ресми сапармен барды. Сапардың соңғы бекеті болған Бейжіңдегі кездесулерге әлем ақпарат құралдары баса назар аударды. Себебі, Помпео Бейжің сапарында АҚШ-Қытай арасындағы шиеленісті жеңілдету жолдарын іздейді деп күтілген. Жұрт күткендей бұл екі ел арасындағы ең бір пікірталас пен кереғарлыққа толы келіссөз болды.
Алайда, Бейжіңге барған Помпеоның алдынан Қытай басшысы Ши Жинпиң қарсы ала шықпады. Тек, Қытай СІМ басшысы Уаң Ий арасында келіссөз өтті. Бұл келіссөз де АҚШ пен Қытай арасындағы ең бір қайшылыққа толы, қарсы пікірлер, бір-бірін ашық айыптаулар қарша бораған кездесу болды.
Помпео кездесу кезінде Қытай сыртқы істер министрі Уаң Ийге АҚШ-тың Қытайдағы адам құқықтарының тапталуына және Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскери қадамдарына елеулі алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Ол Уаң Ий мырзаға: «Бұл жөнінде бізде елеулі пікір айырмашылығы бар», – деді.
Көптеген елдегі ықпалды ақпарат құралдары Уаң Ий мен Помпеоның кездесу кезінде қалыпты дипломатия тілімен емес, қарапайым сөздерді көбірек қолданғанына назар аударды.
Уаң Ий АҚШ тарабын Қытаймен сауда қақтығысын шиеленістіре түсуге тырысты деп жазғырды. Сонымен қатар, Қытай-АҚШ арасындағы ең нәзік тақырып саналатын Тайуан (Тайвань) мәселесін де ортаға салып, Уашингтонның Тайуанмен ара қатынасы Қытайдың негізгі мүдделеріне зиян келтірді деген пікірін білдірген. Бейжің тарабы Тайуанды өз провинциясы ретінде таниды. Дегенмен, Тайуанның дербестікке деген ұмтылысы тоқтаусыз жалғасып келеді. Егер, Қытай тарабы Тайуанды күшпен өзіне қаратуға тырысатын болса, Құрама Штаттың Тайуанға болысатыны белгілі.
Естеріңізде болса, Помпеоның Бейжің сапарынан бұрын АҚШ вице-президенті Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскери қадамдары, елдегі азаматтардың құқығының тапталуы, Тайуанға қысым көрсету және АҚШ-тағы сайлау нәтижесіне араласуын айыптаған болатын. Бұл Трамп таққа шығаннан бергі АҚШ-тың Бейжіңге бағыттаған ең қатаң айыптауы болатын. Помпеомен болған келіссөзге және оны қарсы алуға Майк Пенстің Қытай туралы пікірлері үлкен әсер еткені анық.
Помпеоның Бейжіңде дүйсенбі күні өткен кездесуінен кейін, АҚШ үкіметі жария еткен бір құжатта: «Помпео Бейжіңде Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі және Қытайдағы адам құқығы мәселесін ашық талқыға салды және Тайуан бұғазының екі жағалауының бейбітшілігі аса маңызды екенін айтты», – деп жазған.
Тараптар арасындағы ең нәзік тақырыптардағы кезектескен айыптауларға қарамастан, Помпео мен Уаң Ий екі елдің ынтымақтастығын тереңдету туралы да кеңескен. Қытай СІМ басшысы сөзінде: «Қытай мен АҚШ үшін әлі де ынтымақтасу жолын таңдап, қақтығысты болдырмауға тырысу керек», – деген. Уаң Ийдің кездесудегі бұл сөздеріне талдау жасаған сарапшылар, Қытайдың ең басты алаңдайтын мәселесі АҚШ-пен болған сауда қақтығысы деп көрсетеді. Әрі олар АҚШ-тың қақтығысты тоқтату шешіміне түбі бір келеді деп сеніп отыр деп қарайды.
Дегенмен, Помпео мен Уаң Ий арасындағы келіссөзден кейін Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануы мәселесінде тараптар ортақ пікірге келе алды. Қытай билігі Корей түбегін ядролық қарудан арылтуға қолдау көрсететінін аңғартты. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл туралы мәлімдемесінде: «Қытай Құрама Штаттардың Солтүстік Кореяға қысым түсіре отырып, оның ядролық қарудан бас тартуын жеделдетуіне көмектесетін болса, онда Солтүстік Кореяны жарқын болашақ күтіп тұрғанына уәде етеміз», – деген.
Әрине, қайшылықтардың үсті-үстіне қабындай беруін екі үкіметтің де қаламайтыны анық. Бұл арада Бейжің мен Уашингтон кімнің алдымен «кешірім сұрауына» көбірек мән беретін секілді. Бұл қайшылықтар тез арада шешіле қалмайтыны да анық. АҚШ-тағы сайлау өткенге дейін, тіпті одан арыда жалғасын таба беруі мүмкін. Үйтетіні, қазіргі екі ел арасындағы қайшылық тараптардың түбірлі мүддесіне, ұстанымдарына, даму бағыттарына саятын мәселелер.