Мәскеу киберкеңістікті оңтайлы пайдалану арқылы тұрақсыздандыру стратегиясын жүргізіп отыр. Оның басты мақсаты – шағын елдердің батыстық демократиялық үлгіде одаққа кіруіне кедергі жасау, дейді Британияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Уильям Хейг «Daily Telegraph» басылымында.
Хейгтің пікірінше, Оңтүстік және Шығыс Еуропа елдерінде ресейлік кибероперациялардың ауқымы алаңдаушылықпен қатар күдік туғызады. Батыс саяси бағытты ұстана алмай, бөлініп жатқанда, президент Владимир Путин жаһанның болашағына нұқсан келтіріп отыр. 2014 жылдан басталған Украина регресі мен малайзиялық MH-17 ұшағының апаты сөзіміздің айқын дәлелі. Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның артта қалуына ықпал етті.
Ал 2016 жылы Ресей азаматтары Черногорияны НАТО-ға енгізбес үшін қолдан төңкеріс ұйымдастырды. Бұл мысалдардан бөлек, Ресей бұрынғы Югославия Республикасының Македония атауын иелену туралы референдумының маңызын төмендету үшін демократиялық сайлауда тұрақсыздандыру дағдыларын пайдаланды. Ресейлік хакерлер бұл жолы сайлау басшыларының атынан фейктік аккаунтар ашып, жалған насихаттық хабарлар таратты. Егер де осы референдум жүзеге асқанда, Македония ЕО мен НАТО-ға мүше болатын еді. Соңғы сайлаулар мен саяси маңызы бар оқиғаларда Ресей тарапынан түрлі «құйтырқы» әдістер орындалып келді деп айта аламыз. Босния-Герцеговина билігіне Мәскеу одақтасы Милорад Додиктің келуі – Балқан түбегіндегі елдердің бейбітшілік келісіміне қол жеткізуін қиындатты. Мұны Сербия мен Косово көшбасшылары арасындағы жалпы шекараның өзгеруі туралы келіссөздермен байланыстыруға болады.
Мақала авторы Уильям Хейг Уашингтон мен Брюссельдің шекараларды қайта қарауға келісіп отырғаны жазған. Ресей бұл жоспардың талқыланатынына аса сенімді, ал Германия тарапы шекараның өзгеруі ескі жараларды қайта ашып, байланысты қиындата түседі деп санайды. 2010 жылы Британия СІМ басшысы ретінде Балқанға бірнеше рет дипломатиялық мақсатта сапар шеккен Хейг Ресейдің Еуропа картасын «өзгертіп», шекараны кеңейту туралы жоспарының бар екенін байқаған. Және автор басқа елдердің Путиннің бұл жоспарына қарсы болуы тиіс дейді.
Владимир Путин Еуропа шекараларын түзету арқылы 10 жыл бұрын Грузиядан алынған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны ресми түрде РФ құрамына қосуды қалайды. Сонымен қатар, Украина мен Венгрия арасына «от салып», екі елдің жағдайын тіпті ушықтырып жіберуден тайынбайды. Демек, қазір Путин Ресей шекарасын барынша кеңейтіп, әлсіздерге күш қолдану арқылы өз жоспарын жүзеге асырмақ. Британия саясаткері Уильям Хейгтің ойы осындай.
Лайықты цитата
Уильям Хейг: «Путин шеттен енген сұрапыл санкцияларға қарамастан, Еуропа картасын қайта сызуды қалайды. Бірақ, АҚШ пен Ұлыбритания бұған жол бере қоймас. Шекара тақырыбы арқылы бірнеше дүниенің басын ашып алуға болады. Ресей өзіне едәуір әлсіз дамушы және артта қалған мемлекеттердің болашағына «балта шауып», кез келген уақытта Батыспен жақындасу мүмкіндігіне нұқсан келтіруді көздейді...»