Шетел БАҚ-ы қазір, Ресей мен НАТО, Еуропа елдерінің арасындағы қарулы күштердің әрекеті жиілеп, шекараларға жақын маңда қарама-қарсы әскери оқу-жаттығуларға дайын отыр, бұл жағдай көп жылдардан бергі аса шиеленісті деңгейге өтті деп хабарлайды.
Британдық хабар тарату корпорациясының хабарына қарағанда, Корольдық Әуе армия өкілдері жергілікті уақыт 9 ақпан 11 сағатта, ресейлік стратегиялық бомбылаушы екі ұшақты Шотландия кеңістігінде байқап, тосқауыл жасаған. Ресейлік ұшақтар оңтүстікке ығысып, Францияның батыс әуе кеңістігінен пайда болады. Онда да Франция әуе күштерінің қарсылығына тап болады. Түстен кейін Англия әуе кеңістігіне қайта пайда болған Ресей ұшақтары Корольдық әуе күштерінің «Typhoon» шабуылшы ұшақтары арқылы қайталай тосқауылға ұшыраған.
Қытайлық news.sina сайтының хабарлауынша, бұл әрекет туралы түсінік берген Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі: « Ресей бомбылаушы ұшақтары өзге елдің ұлттық әуе кеңістігін бүлдірген жоқ, тек шалғай аралықта өз тапсырмаларын орындады», – деді. Ал, сарапшылардың қарауынша, Ресей әуе күштерінің осындай әрекет арқылы НАТО-ға қыр көрсетіп отырған көрінеді.
Ресей стратегиялық бомбылаушы ұшақтары еуропалық кеңістікте көрінгеннен кейін, НАТО да қарап қалмады. Әскери күштерін Ресей шекарасына қадам сайын жақындатты. Британдық БАҚ-тың хабарына қарағанда, 1 ақпаннан 10 ақпан арасында Германияның 450-ден астам әскерден құралған механикаландырылған атқыштар батальоны Литва мен Ресей шекарасына жақын келіп орналасқан. Олар әуе және теміржол арқылы жүздеген қару-жарақ, әскери техниканы да ала келеді.
7 ақпан күні, Литва президенті неміс әскерлерін қарсы алу рәсімін өткізіп, германиялық әскерлерді қызу қарсы алатынын білдірді. Ол және: «Литва ежелден мұндай ауқымды одақтас армия күштерін қабылдамаған, бұл әрекетіміз – НАТО-ның толықтай ынтымақтастығын және әскери одағымыздың қуаттылығын көрсетеді», – деп атап өткен.
9 ақпан күні, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары «РИА Новостидың» сұхбатын қабылдаған кезде, «Бұл Екінші дүние соғысынан кейін алғаш рет Ресей шекарасына неміс әскерлерінің жақын келуі», – деп көрсетті. Оның айтысына қарағанда алда тағы ұқсас әскери орналастырулар болмақ, НАТО-ның мақсаты Ресей шекарасын қоршай жедел түрде әскери базаларын құру болмақ.
Жоспарға сәйкес, Германия, Полша (Польша) және Балтық елдері төрт әскери батальондарын Ресей шекарасына жақын орналастырады. Бұдан сырт, Ұлыбритания, АҚШ, Канада үш ел күштері де Балтық елдеріне әскери базалар орналастыруы мүмкін. Сондай-ақ, НАТО осы өңірлерде әскери оқу-жаттығулар өткізеді. Оқу-жаттығулар осы жылдың қаңтарында Германияда басталды, ары қарай Полша, Литва, Латвия, Эстонияда жалғасып, бірте-бірте Ресей шекарасына жақындай түспек.
Кремль жақ бұны Ресей қауіпсіздікке қатер төндір деп бағалап, Ресей президентінің нұсқауы бойынша 7 ақпаннан бастап барлық әскери пәндерде оқу-жаттығулар мен тест жаттығуларын өткізуді қолға алады. Қалыптасқан жағдайдың күрделілігі соншалық – Мәскеу уақытымен 7 ақпан 9 сағаттан бастап, әуе және ғарыш күштерінің барлық әскери органдары, Полктер мен формациялар жауынгерлік дайындықтың жоғары күйіне өтті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песковтың мәлімдемесіне сүйенсек, Ресей президенті Путиннен бастап, Сыртқы істер министріне дейін бұл әскери жаттығуларды бір емес, бірнеше рет атап айтып, қадағалап отырған көрінеді. Себебі, Ресей қорғаныс күштері тиісті деңгейін сақтап тұруы керек болған.
Өзге де елдің ақпарат құралдарының хабарларында қазір Ресейдің аса қуатты әскери техникалары қозғалыс күйде ұсталып отыр делінеді. НАТО-дан қандай да бір қарсы әрекет байқалса, тұтас қорғаныс күштері соғыстық күйге өтуге әзір. Бұл қазіргі кездегі НАТО мен Ресей арасындағы шиеленіскен жағдайы. Алдағы уақытта бұл дамып, бұдан да күрделі күйге ауысуы бек мүмкін. Ресейдің шекарасы бүлініп кетпесе де, НАТО-ға мүше елдердегі әскери оқу-жаттығуларды сылтау етіп, Украина жағдайын қайталауы да мұнда тұр. Украина демекші, қалыптасқан осы шиеленістің бір ұшығы Украина мәселесінде жатыр. НАТО-ны көзге ілмеген Ресей әуе күштерінің бірер ұшағы атып түсірілсе де Балтық немесе өзге де Ресейге шекаралас еуропалық елде соғыстың бұрқ ете қалуы ықтимал.
“The Qazaq Times”