АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ-ның 73-ші Бас Ассамблеясында Иран басшылығын Таяу Шығыстағы хаос, қақтығыстардың тууына себепкер болды деп айыптады. Бұл кездесуді «Timе» тікелей эфирден көрсетті.
Ақ үй басшысы Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты нығайтуға тырысып, Қытаймен сауда қарым-қатынасында қатаңдық танытқаны үшін өз әкімшілігінің саясатына жоғары баға берді.
Трамп мәлімдемесіндегі басты лейтмотивтердің бірі – АҚШ-тың әлемдегі өз саясатын жүргізуге құқығы бар деген пікірі болды. «Мен осы аудиториядағы әрбір елдің өз тілінде сөйлеп, діни нанымдарын және салт-дәстүрлерін ұстану құқығына құрметпен қараймын. АҚШ өмір сүруді немесе дұға етуді насихаттамайды. Біз сендердің де Американың егемендігіне құрметпен қарауларыңды сұраймыз», – деді ол.
Ассамблеядан анализ
Дональд Трамп пікірінің басты постулаты – Иранды Солтүстік Кореяның орнына «жаһандық басты жау» рөліне тағайындау болып көрінуі мүмкін. Десек те, оның мәлімдемесінде басқа да назар аударарлық жайттар бар.
Өткен жылы Америка президенті БҰҰ-ны «мультилатерализмде ортақ мақсатқа жету үшін арнайы топтарды біріктірмек» деп сынаған. Бұл жолғы саяси мәселелерге қойылған акцент әлдеқайда жоғары болды. Сондай-ақ ол халықтардың ыждаһаттылығы туған ұлтының егемендігін, елге деген махаббатын және патриотизмін ұмытпау керектігін басып айтты. Трамп бұл ойды АҚШ тұрғындарының бостандығы мен құқықтарын қорғаудың бірден-бір жолы деп санайды. Ақ үй басшысы мен оның әкімшілігі АҚШ өз тарихында басқа әкімшіліктерге қарағанда жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін айтты. Президенттің бұл сөзі жиынға қатысушылардың күлкісін келтірсе де, Трамп «Мұндай реакцияны өзім де күтпедім!», – деді.
Ақ үй басшысының мәлімдемесіне БҰҰ-ның Бас Хатшысы жанама түрде жауап берді. Өз сөзінде Антониу Гутерреш «Трамптың жолдауы күмән туғызады» деді. Гутеррештің ойынша, Америка әлемнің XX ғасырдағы тарихи белестерін елемей, атап айтқанда, 1930-шы жылдардағы популизм мен оқшаулауды пайдалану арқылы қайта қадам жасағаны үшін жаһандық қақтығысқа шығу қаупін арттырғанын айтты.
Трамптың Иранға қатысты көзқарасы
«Иран көшбасшылары әрекетінің кесірінен мемлекет хаос пен қирау үстінде», – деді американдық көшбасшы.
Барак Обаманың кезінде жасалған келісім Иранның ядролық белсенділігіне қатысты санкциялық режимді жеңілдетуді көздейді. Бұл тақырыпқа қатысты Трамп: «Олар өз көршілерін де, шекарасын да, басқа елдердің егемендік құқықтарын да құрметтемейді. Оның орнына Иран басшылары елдің қорларын жеке басқыншылық үшін талан-таражға салады, сондай-ақ Таяу Шығыстағы және одан тысқары жерлердегі күйзелістерді арттырады», – деді.
Тамыз айында Вашингтон Иран билігіне АҚШ долларын сатуға, Иранмен алтын және басқа да қымбат металдармен сауда жасауға және оның автомобиль өнеркәсібін сатып алуға бағытталған санкциялар режимін ұзартты. Ал қарашада Иранның мұнай және көлік саласына, сондай-ақ Иранның Орталық банкіне қатысты американдық санкциялардың аса зиянды пакеті реактивацияланады. Иран тарапы АҚШ-ты оған қарсы психологиялық соғысты ашқаны үшін айыптап, халықаралық терроризмге қатысты әңгімені жоққа шығарды. Олар «Теһрандағы ядролық бағдарлама тек бейбіт мақсаттарды көздейді» деп сендірді.
Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісімге қол қойған өзге елдер Теһранмен сауда жасау үшін жаңа төлем механизмін ұйымдастыратынын мәлімдеді. ЕО, Ресей және Қытай бұл келісім Вашингтон санкцияларынан қорғануға және Иранмен сауда жасауға мүмкіндік береді деген үмітте.
Трамптың Солтүстік Корея туралы пікірі
АҚШ басшысы Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен маусым айында өткен кездесуінің нәтижесінде қос елдің қарым-қатынасы нығая түскенін айтты. Екеуара ынтымақтастық келісімнен соң, Солтүстік кореялық зымырандар өз «қызметін» тоқтатып, ядролық полигонда сынақтар жүргізілмеген.
«Осы жиында отырған көптеген басқа елдердің көмегімен бүгін біз Солтүстік Кореямен келіссөздерді бастау арқылы қақтығыс қатерінің орнына бейбітшілікке батыл және жаңа ұмтылыс жасадық», – деді Трамп. Бірақ, Америка жариялаған санкциялар Солтүстік Кореяның толық денуклеаризациясына дейін өз күшінде қалады.
Жақында Трамп Ким Чен Ынмен екінші кездесу өткізіп, кезекті жоспарларды бірлесе жүзеге асырмақ.
Көпвекторлы саясат – 1
БҰҰ-ның 73-ші Бас Ассамблеясында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея мәселесімен қатар өзге де тақырыпта ой өрбітті. Ендігі кезекте аталған мәлімдемеден үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз.
- Кем дегенде екі жыл ішінде Америка билігі тарихтағы кез келген басқа мемлекеттерге қарағанда айтарлықтай жетістікке жетті. АҚШ – күшті, бай және қауіпсіз мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді.
- Әлемдік сауда жүйесі қашан да өзгерістерді қажет етеді. АҚШ сауда теңгерімсіздігін жою үшін аянбай тер төгеді. Сондықтан кейбір елдермен сауда келісімдерін қайта қарауға ниетті.
- ОПЕК елдерінің бірлескен әрекеті әлемге «қуаныш сыйлайды». Мен мұнай бағасын тұрақты етіп, қымбатшылықты тоқтатуды қалаймын.
- Сүриядағы қақтығыс бойынша кез келген шешім Иранға қатысты стратегияны қамтуы тиіс!
- АҚШ барлық елдерді ирандық режимнің агрессивті әрекеттері жалғасқанға дейін оқшаулануға шақырады: Американың Иранға қарсы қосымша санкциялары 5 қарашада қалпына келтірілмек.
- Дүниежүзінің барлық халықтары социализм мен азапқа қарсы тұруы тиіс. Күллі әлем АҚШ-тың Венесуэладағы демократияны қалпына келтіруге қатысты шақыруына қосылсын.
- Германия ресейлік энергоресурстарға толық тәуелді болмау үшін бағытты дереу өзгертуі қажет!
- АҚШ жаһандану теориясын жоққа шығарады және патриотизм доктринасына сенеді. Сондықтан да Халықаралық қылмыстық сотты мойындаудан және қолдаудан түбегейлі бас тартады.
- Құрама Штаттары нақты реформалар жүргізілмейінше адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесіне қайтып оралмайды!
P.S: Америка көшбасшысы Трамп сондай-ақ кедейшілікте өмір сүріп отырған миллиондаған халықты «орта тап» деңгейіне жеткізген Үндістанға жоғары баға берді. Сауд Арабиясындағы батыл реформаларды құптап, Израильді гүлденген демократиялық мемлекет ретінде сипаттады және «Польша – өз егемендігін қорғай алатын батыл ел» деп жоғары баға берді.
Кез келген саяси жағдайда екіжақты көзқарас ұстануға бейім Дональд Трамп кезекті сессияда да басты миссиясын айқын көрсетті. Әлемге өз саясатын жүргізуге мүдделі алпауыт Америка бітімгерлік бағытты ұстануды жөн санайды. Басқа мемлекеттерге де «Трамп салған сара жолмен» жүруді ұсынады. Алайда, өзге ел басшыларының астыртын әрекеттері анықталса, Дональд Трамп міндетті түрде кері соққы жасауға дайын екендігін ескертті. Сол себепті жаһандық деңгейдегі державалар мен басқа да мемлекеттер саяси «тәртіп сақтап», адам құқықтарына атүсті қарамағаны абзал. Сұрапыл санкциялар мен іштей құлдыраудан құтылудың бірден-бір жолы – осы...