ҚР Ішкі істер министрлігі АҚШ азаматының «Павлодар облысы ІІД басшысы Амантай Әубәкіровті қарақшылық жасады» деп айыптауына қатысты пікір білдірді - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қыркүйек айының 23-і күні You Tube желісіне «Генерал МВД РК ограбил американца» атауымен видео ролик жарияланды. Онда өзін Александр Ли деп таныстарған азамат Павлодар облысының ІІД басшысы Амантай Әубәкіровтың қарашқылық жолмен бизнесін тартып алғандығын айтады.

"Мен - АҚШ азаматы Александр Ли. 2014 жылы Қазақстанға бизнес ашу үшін келдім, инвестиция салып, жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ашқым келді. Алматыда тұңғыш испан мейрамханасын ашып, алкоголь импортымен айналысатын компания аштым. 2017 жылы Павлодар облысының ІІД басшысы, ҚР Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Амантай Әубәкіров рейдерлік басып алу жолымен бизнесімді тартып алды. Оның қызы мен күйеу баласы компаниямның материалдық құнды заттарын иемденді, ал әйелі алкоголь импортымен айналысатын компаниямды өз бақылауына алды. Олардың заңсыз әрекетінен келген шығын 69 миллион теңгеден асады", - деп мәлімдейді видеода Александр Ли.

;feature=youtu.be

23 қыркүйек күні ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев аталмыш оқиғаға байланысты БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.

"ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті АҚШ азаматы А.В.Лидің Павлодар облыстық ІІД басшысы А.А.Әубәкіровтің заңсыз әрекеті туралы арызы бойынша тексеріс жүргізіп, оның барысында Әубәкіров пен оның отбасының Алматыда бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды деген айыптаулар расталмады. 2012 жылы үш азамат, оның ішінде Ли мен А.А.Әубәкіровтің әйелі С.С.Әубәкірова бірігіп ЖШС құрған. Біраз уақыт өткеннен кейін Ли құрылтайшыларға ескертпей ЖШС үлесінің 50 пайызын келісімшарт негізінде үшінші тұлғаға сый ретінде құжатқа қол қойған. Осыдан кейін құрылтайшылар арасында дау туған, дау әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.  2017 жылдың 1 желтоқсанында құрылтайшылар Лиге ЖШС ғимаратының жалға алу мерзімі аяқталғанын ескертіп, онымен әрі қарай әріптестікті тоқтату туралы айтқан. Өз кезегінде Ли полицияға арызданып, оларды ЖШС мүлкін рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған, осы істің соталды тергеуі қазіргі уақытта азаматтық шағымдар бойынша сот шешімін шығару үшін тоқтатылған. Сонымен қатар, С.Әубәкірова Лиді өз мойнына алған міндеттемелерді орындамауға байланысты алаяқтық әрекет жасады деп прокуратураға шағымданды, соталды тергеудің мерзімі де азаматтық даудың шешімін шығару үшін тоқтатылған. Екі қылмыстық іс те бақылауда, Лидің тарапынан түскен шағымды да прокуратура тексерді, тергеу органдарының тарапынан қылмыстық-процестік заңнаманы бұзу дерегі анықталмады", - делінген ІІМ ресми өкілінің жауабында.

Павлодар облысы ІІД басшысы Амантай Әубәкіров. Фото: Тengrinews.kz

Амантай Әубәкіров 1963 жылы 27 ақпанда Алматыда туған. Қазақстан ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған. Мамандығы: заңгер. Полиция генерал-майоры.

 

 

 

"The Qazaq Times"