Бүгін «Адырна» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен бірге Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылына сапарлай барып қайттық. Бұл жолғы сапардың басты мақсаты Үңгіртас ауылына он күн бұрын ШҚО-дан қоныс аударған Қытайдан келген отбасының хәл жағдайын білу болды.

Фото: QT

Фото: QT

Қазақстандағы ауылдардың басым көпшілігінің тозығы жетіп, шықпа жаным шықпаның күнін кешіп отырғандығы белгілі ғой. Үңгіртас ауылының да сыртқы келбеті бізді дәл солай қарсы алды. Ауылда мектеп пен әкімшіліктен басқа гүлденіп тұрған ғимаратты көзіміз шалмады. Біз хәл-жағдайын білуге барған отбасы ауылдың шеткері тұсында Кеңестер одағы кезінде салынған тозығы жеткен екі қабатты үйде тұрады екен. Бізді Зере, Есқар және Нұрдана есімді үш баласын жетектеген Берзат Жұмағазы есімді азамат күтіп алды. Аман-саулық сұрасқаннан кейін үйге ендік. Үйге кіргеннен кейін нақты мән-жайды анықтау үшін отанасы Роза Отанбекті сөзге тарттық. Роза ханым Қазақстанға келіп нендей қиындықтарға тап болғанын төмендегідей тарқатты.

Роза Отанбек: «Мен 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауылына келгенмін. 10-11 сыныпты сонда оқыдым. Содан кейін Семей колледжіне оқуға түстім. Дәл осы кезде нағашыларым Өскемен қаласындағы Нұрлы көш ауылынан үй алып, менің атыма рәсімдейтін болды. Менің тұрақты тіркеуім үйдің иесі мен болғандықтан сонда болды. Бірақ кейіннен менің тіркеуім базадан анықталмады. Бірінші баламның туу туралы куәлігін жасатарда нағашыларым тұрақты тіркеу жөніндегі анықтаманы жіберіп берді. Бірақ мен олардың оны қалай алғанын білмеймін. Кейін екінші-үшінші балам дүниеге келгенде менің тұрақты тіркеуім ешқандай жерден шықпады. Бұл жерде негізгі кінә қалалық көші-қон басқармасында деп ойлаймын. Себебі мен тіркеу анықтамасын бір рет алып барғанда тіркеуі керек қой. Кейіннен мен оларға тұрақты тіркеуге тұру үшін үш рет құжат тапсырдым.  Бірақ олар ешқайда тіркемеді. Ең соңғы рет олар маған айтқанда базада барсыз, «запрос» жібердік деді. Ол кезде 2017 жылдың наурыз айында паспортымның мерзімі бітпеген. Мен оның алдында ықтияр хатымды жоғалтып алдым. Сосын мен көші-қон полициясына бардым. Ол жердегілер маған Ақсуат ауылына барыңыз деді. Ақсуат ауылындағылар маған сіз кінәлі емессіз Өскемен қаласындағылар бізге запрос жіберуі керек деді. Содан мен Өскемен қаласына қайтып келіп, көші-қон полициясына барып, айттым: «сіздер Ақсуатқа запорс жіберулеріңіз керек екен» дедім. Олар «міне жіберіп қойдым» деп жауап берді. Кейіннен сәуір айында ЦОН-ға барып анықтама алайын десем, менің базада тіркеуім тағы жоқ. Менде ИИН барлығы бар... Қытайдан келгендегі құжаттарымның барлығының уақыты ауыл мен көші-қон полициясының арасында шапқылап жүргенде өтіп кетті. Тіркеу болмаған жағдайда балалардың құжаттарын жасату мүмкін емес. Мен тек бірінші баламның туу туралы куәлігін ғана жасата алдым. Қалған екеуінде метіркесінен басқа ешқандай құжат жоқ. Жасатайын десем маған тіркеуіңізді алып келіңіз дейді. Ал менде ол жоқ. Қазір балаларым медициналық көмектер алып жатқан жоқ. Себебі тұрақты тіркеуің болмаса ешқандай аурухана балаларды қабылдамайды...Осы жердің көші-қон полициясының өкілдері әзірге әлі келген жоқ» - деді.

Фото: QT

Сұхбат барысында әңгімеге Берзат пен Розаның Үңгіртасқа көшуіне тікелей мұрындық болған «Қайырымды қандастар» бірлестігінің басшысы, Бахаргүл Табысқызы араласты: «Біз әлеуметтік желіден осы кісілердің видеоларын көріп, ерікті жастар қаржы жинап, осында алып келдік. Кейіннен Қытай консулдығына құжаттарын өткіздік. 10-15 күннің ішінде Қытай жақтан жауап келді. Біреуі Тарбағатайда, біреуі Алтайда туған деген анықтама жіберді. Анықтама бойынша, екеуіде Қазақстанға заңды түрде келген. Қазір Қытай консулдығында екеуінің де құжаты жасалып дайын тұр. Бірақ олар оны бізге бермей отыр. Олардың айтуынша, бұлар Қазақстанда он жыл бойы құжатсыз жүрген. «Бұл Қытайдың азаматы. Сендер бұған араласа алмайсыңдар. Бұлар біздің адамдар. Сол үшін біз бұларды Қытайға жібереміз. Үш баланың құжаттары жоқ. Біз олармен айналыспаймыз» деді Консулдықтағылар... Біз мына пәтерді арендаға алып бергенбіз. Қазір қордың атынан айына 7 мың теңге төлеп отырмыз. Бұлардың да адам ұқсап өмір сүруге құқығы бар ғой. Балалардың, осы екеуінің құжаттарын жасап беру керек».

Бірақ Бахаргүл Таласқызымен сұхбат бұнымен аяқталған жоқ. Әңгіме барысында Бахаргүл ханым бізге өзінің қолында Берзат пен Роза сияқты қиындықтарға тап болған 400-ге жуық адамның арыздары мен құжаттары бар екендігін айтып, осы азаматтарға көмектесу қажет екендігін жеткізді. Өз кезегінде Үңгіртасқа бізді бастап барған «Адырна» қоғамдық бірлестігінің қызметкері Құрметолла Мұхамедхан аталмыш мәселелерге заңдық тұрғыда көмектесетіндіктерін айтты.

Фото: QT

Осыдан кейін біз Берзат Жұмағазыны ертіп Үңгіртастағы орта мектепке бет алдық. Ондағы мақсат бес жасқа толса да ата-анасының құжаттық мәселелеріне байланысты сабаққа бара алмай отырған Нұрдананы мектепке орналастыру. Бірақ өкінішке орай мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сымбат есімді азаматша бізді ауылдық әкімшілікке баруға кеңес беріп кері қайтарды. Білім ордасы қызметкерлерінен осындай жауап алғаннан кейін Үңгіртас ауылдық әкімшілігіне бардық. Барсақ әдеттегідей ауыл әкімі орнында жоқ болып шықты. Бірақ Ержан Дәуренбаев есімді орынбасары бізді әкімшілік дәлізіннен күтіп алды. Мән-жайды түсіндіріп айтқаннан кейін, Ержан мырза барлығын ауыл әкіміне жеткізетіндігін, балаларды мектепке орналастыру, медициналық екпе алу мәселелерінің барлығын шешетіндіктерін айтып, Берзатты ертең таңғы сағат 10-00-де әкімшілікке шақырды.

"Адырна" мүшесі Қ. Мұхамедхан және Берзат Жұмағазы. Фото: QT

Алматы қаласына келе салған бетте біз «Адырна» қоғамдық бірлестігімен бірігіп жұмыс істеп жүрген тәуелсіз адвокат Абзал Құспанға хабарласып, «Берзат пен Розаға және осы сияқты құжаттық қиындықтарға тап болған азаматтарға заңдық көмек бере аласыз ба?» деген сұрақ қойдық.

Заңгер Абзал Құспан. Фото: QT

Абзал Құспан: «Қазақстанға заңды түрде келген қандастарымыздың  ешқайсысы кері қайтарылмайды. Мемлекет оларды қайтаруға мүдделі емес. Олар әртүрлі себептермен құжаттарының мерзімін өткізіп алды. Бұл жерде қандастарымыздың өздерінің де кінәсі бар. Салақтық бар, сауатсыздық бар. Бірақ олар солай екен деп Астана жақтағы адамдарда қарап отырмайды. Қазір олар өздері бізге байланысқа шығып жатыр. Мен құдай қаласа «Адырнаны» басқарып отырған Арман Әубәкір сияқты азаматтармен бірлесіп жұмыс істеймін. Біз осындай жекелегін мәселелерге байланысты «Адырнаның» атынан, Арман Әубәкір мен тәуелсіз адвокат Абзал Құспан көші-қон комитетіне, сыртқы істер министрлігіне және бас прокуратураға бірлесіп жұмыс істеуге қатысты меморандумға қол қоюға байланысты хат жолдадық. Өйткені жоғарыда отырған адамдарға бұл кісілердің арыз-шағымы жетпейді. Біз осы екі ортаға алтын көпір болу мақсатында осы жұмыстарды атқарып жатырмыз.  Мен өзім ойлаймын, бұл мәселе белгілі бір уақытта шешіледі. Заңның білгілі бір тәртібі бұзылды. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз қажет. Мемлекет өзінің саясатын қалай жүзеге асырады? Мемлекет өзінің саясатын тек қана заң шығару арқылы жүзеге асырады. Бұл мәселеде мемлекет өзінің саясатын әлде қашан айқындап қойған. Яғни ол сырттағы қандастарымыздың Қазақстанға келуіне, қоныс аударуына мүдделі. Бұл саясаты көші-қон заңында нақты көрініс тапқан. Жалпы, мемлекеттің мүддесіне қарсы келмейтін іс-әрекет болғаннан кейін, мен бұл мәселе шешіледі деп сеніммен айта аламын. Мен бұл іске міндетті түрде араласамын» - деді

«The Qazaq Times» порталы бұл мәселені назарда ұстайтын болады. Сайтымызға алдағы уақытта аталмыш мәселеге байланысты материалдарды жариялаймыз.

"The Qazaq Times"