НАТО әскери кемелері Сүрия шекарасы маңына келіп тоқтады – деп хабарлайды Интерфакс ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше, Жерорта теңізінің шығыс бөлігендегі Сүрия шекарасы маңына НАТО-ға мүше Греция, Канада және Нидерланд елдерінің әскери кемелері келіп тоқтаған. Расми ақпарат бойынша, Элли, Вилль де Квебек және Де Рейтер кемелері жоспарлы күзет жұмыстарын жүргізуде.

Бірақ бұдан бөлек қазіргі уақытта Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде АҚШ-тың Карни, Росс, Уинстон Черчилль сияқты үш бірдей әскери кемелері мен Маунт Уитни штаб кемесі жүр. Батыс елдері срапшыларының сөзінше, Жерорта теңізінде жүрген АҚШ әскери теңіз күштерінің арсеналында 204 «Томагавк» қанатты зымырандары бар.

Естеріңізге салайық, тамыз айының 25-і күні Ресей қорғаныс министрлігі «АҚШ өзінің Жерорта теңізіндегі әскери кемелерінің санын арттыру арқылы Пентагон Сүрияға соққы жасауға дайындалуда» деген ақпарат таратқан. Бірақ АҚШ тарапы Ресейдің бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, оған «саяси пропаганда» деген баға берген.

"The Qazaq Times"