2019 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өте ме? Бүгін біз осы сұраққа жауап іздеуді жөн көрдік.
Елімізде 2020 жылы кезекті президент сайлауы өтеді. Ол жөнінде әзірге қоғамда қандай да бір талқылаулар болып жатқан жоқ. Десе де, «алда келе жатқан президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін» деген пікір сарапшылар мен журналистер арасында арагідік айтылып жүр. Көпшілік жұрт президент сайлауы 2019 жылы мерзімінен бұрын төмендегі үш факторға байланысты өтуі мүмкін деген пікірде.
Біріншіден, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындауы.
Соңғы уақыттары Қазақстанның Ресей, Түркия, Қытай және Иран сияқты сауда-экономикалық әріптестері батыс елдері мен АҚШ-тың санкциядарына белшесінен батты. Бұл Қазақстанның онсызда «мұнай инесінде» отырған экономикасына жеңіл тиген жоқ. Бұған айқын дәлел тамыз айында басталған теңге тербелісі. Ресей рублі сүрінсе, қазақ теңгесі құлап қалатынын соңғы екі-үш жылда көзімізбен көріп, күнделікті өмірде он екі мүшемізбен сезініп жүрміз. Ресей халқы рубльдің құлдырауын батыс елдерімен арада басталған сауда соғысының салдары деп қабылдаса, Қазақстан халқы бұны ресми Ақорданың шарасыздығы және биліктің халық алдындағы міндеттерін орындамау деп бағалауда.
Екіншіден, 2019 жылы президент сайлауын өткізуге ыңғайлы жаймашуақ геосаяси жағдай туып отыр.
2019 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу ресми Астанаға геосаяси тұрғыдан өте тиімді. Неге дейсіз ғой? Олай дейтін себебіміз 2019 жылы 2014 жылдан бері әлем назарын өзіне аудартып келген Украинада бірді қойып екі сайлау өтеді. Атап айтқанда Украина халқы наурыз айында президент, қазан айында парламент сайлауына қатысады. Әлем назарын өзіне аудартатын Киев маңындағы бұл саяси ауыс-түйістердің жанында Қазақстанда мерзімінен бұрын өтуі мүмкін президент сайлауы елеусіз, Ақорда армандағандай жаймашуақ жағдайда өтетіні айдан анық.
Үшіншіден, соңғы уақыттары президенттен бастып, қарапайым министрлерге дейін жарнамалап жатқан әлеуметтік бағдарламалардың саны артуда.
Бұл Ақорданың сайлау алдында жасап отырған саяси қадамы ма, жоқ әлде атқамінерлердің шын мәнінде халыққа жаны ашығаны ма белгісіз? Әйтеуір биыл билік тарапынан жасалған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы, студенттерге арналған жатақхана, зейнетақының жоғарлауы, ІІМ реформалау сияқты бағдарламалары халық тарапынан оң баға алды. Бірақ билік тарапынан жасалып жатқын бұл «хайп» немесе «ноу хау» Ақорданы ұзаққа сүйрей алмайтыны анық. Күн санап қиындап бара жатқан әлеуметтік-экономикалық жағадай 2020 жылы өтетін президент сайлауына дейін биліктің қазір жасап жатқан әлеуметтің бастамаларын елеусіз қалдырайын деп тұр.
Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан тарихынада бір де бір президент сайлау уақытында өткен емес. Қай кезде де билік уақытынан бұрын президент сайлауын өткізуге себеп тапқан. Бұл жолғы президент сайлауының мерзімінен бұрын өтуіне әзірге қандай сылтау айтылатыны белгісіз. Біздікі стагнациялық кезеңде тұрған Қазақстан саяси өміріне жай болжам айту ғана.