Қазақстан мен Өзбекстан әскерлерін АҚШ-қа оқу-жаттығу жұмыстарына жібермек.

АҚШ Орталық басқару комитетіның мәліметінше, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Ауғанстан өз әскерлерін Массачусетс штатында өтетін «Аймақтық бірлестік – 2018»  әскери оқу-жаттығу жұмыстарына қатыстырмақ. Оқу-жаттығу жұмыстары қыркүйек айының 21-і күні өтеді және оған әр түрлі мемлекеттерден келген 200-ден астам сарбаз қатысады деп күтілуде.

Естеріңізге салайық, 11 қыркүйек күні Ресей Қиыр Шығыста өз тарихындағы ең ауқымды әскери оқу-жаттығу жұмыстарын бастаған. «Шығыс-2018» оқу-жаттығу жұмыстарына 300 мың сарбаз, 1000-ға жуық ұшақ, 36 мың танк, 80 әскери кеме қатысуда. Бастапқыда Ресей Қорғаныс министрлігі «Шығыс-2018» әскери жаттығуларын халықаралық деп атаған. Бірақ оған Ресейден өзге қай мемлекеттердің әскерлері қатысып жатқандығы әзірге белгісіз.

Айта кететін бір жайт, НАТО Ресейдің «Шығыс-2018» әскери оқу-жаттығу жұмыстарына «Мәскеу үлкен соғысқа дайындалып жатыр» деген баға берді. Дәл осындай оқу-жаттығу жұмыстары Кеңестер одағының тұсында 1980 жылы Варшава келісімі елдерінің қатысуымен өткен. Ол кезде батыс елдері Кремльдің бұл әрекетін «өзінің күш-қуатын әлемге паш ету және ірі әскери операцияға дайындық» деп бағалаған.

"The Qazaq Times"