АҚШ президенті Билл Клинтон Ресей басшысы Борис Ельцинге билік басында қалуға көмектескен.

Жақында АҚШ-тың экс басшысы Билл Клинтонның президент кітапханасы 1993 және 1999 жылдар аралығындағы мұрағатын жариялады. Онда 90 жылдардың басында Ресей президенті болған Борис Ельцин мен Билл Клинтонның келіссөздері жазылған бірнеше стенограммалар көпшілік назарына ұсынылған. Жарияланған құжаттардың бірінде Борис Ельцин 1993 жылы билікке талас кезінде өзіне қарсы шыққан Руслан Хасбулатов пен Александр Руцко жақтастарын қалай басып, жаншығанын айта келе Клинтонға: «Қазір Ресейдің демократия және нарық жолына түсуіне ешқандай кедергі жоқ. Бұл іске қатысты фашистік ұйымдардың жұмысына тыйым салынды. Бұдан былай олар бізге кедергі келтірмейді деп үміттенемін. Қазір маған бәсекелес болатын тұлға жоқ. Менің халық арасындағы рейтингім 90 пайыз» - дейді.

Өз кезегінде Билл Клинтон Борис Ельцинге: «Аймақ басшыларын қолдау ретінде гуманитарлық көмек жіберсем қалай қарайсыз?» деген ұсыныс жасайды. Клинтонның бұл ұсынысына Ельцин:«Көмек артық етпес еді» - деп жауап береді. Сөз соңында Билл Клинтон: «Онда аталмыш мәселе бойынша менің адамдарым сіздермен байланысады» - деп өз сөзін түйіндейді.

Келесі бір стенограммада Борис Ельцин Билл Клинтонға: "Соңғы уақыттары АҚШ баспасөзінде "коммунистер жақсы адамдар. Олардан қорқудың қажеті жоқ" деген сарындағы материалдар шығып жатыр. Мен ескертемін, оларға сенбеңіздер. Олардың басым көпшілігі - фанатиктер. Керек болса олар Кеңестер одағының құрамында болған республикалардың шекарасын бұзып, Қырымды кері қайтарып алады және Альяскаға қатысты талаптар қоюға тырысады" - дейді.

"The Qazaq Times"