Транскаспий газ құбыры Түркіменстанның экономикалық проблемаларын шеше ала ма?
Тамыз айының 12-і күні Ақтау қаласында Каспий жағалауы елдерінің V саммиті өтті. Онда Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей және Иран елдерінің басшылары Каспий теңізіне арнайы құқықтық мәртебе беретін Конвенцияға қол қойды. Жаңадан қабылданған құжат бойынша, ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан Түркіменстан билігінің транскапий газ құбыры жобасының күрмеуі ағытылды. Бұдан былай ресми Ашхабад еуропаға газ тасымалдау үшін транскаспий газ құбыры өтетін Әзірбайжанмен ғана келіссөздер жүргізеді.
Транскаспий газ құбырының іске қосылуы стагнациялық кезеңді бастан өткізіп жатқан Түркіменстан экономикасына қаншалықты көмектеседі?
Шетелдік сарапшылар пікірінше, ұзақ жылдардан бері үлкен дау болып келе жатқан транскаспий газ құбырының іске қосылуы Түркіменстан экономикасына анау айтқандай көмектеспейді. Себебі Түркіменстан экономикасына қаржылай көмек бүгін емес, ертең емес, кеше қажет болған. Ресми Ашхабад бұл тұрғыда өзінің алтын уақытын алдыға оздырып алды және оны қуып жету Түркіменбасы билігіне оңайға соқпайды. Оның үстіне Түркіменстанда дәл қазір транскаспий газ құбырын салатын қаржы жоқ. Ол қаржыны табу үшін ресми Ашхабадтың шетелдік инвесторларға жүгінуіне тура келеді. Ал олар ешуақытта тегін жұмыс істемейді.
Түркімен газы еуропаға жете ме?
Қаржы тауып құбыр салғаннан бөлек, сол құбырды газбен толтыру деген мәселе бар. Бұл тұста Түркіменстан газының еуропаға жету-жетпеуі үлкен сұрақ. Себебі былтырғы жылы Түркіменстан Қытайға келісілген газ мөлшерін толықтай жеткізген жоқ. Осыдан кейін Қытай тарапы Түркіменстаннан Қытайға газ тасымалдайтын төртінші газ құбыры торабын іске қосқан жоқ. Іске қосу былай тұрсын 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс газ құбырының құрылысы әлі күнге дейін басталған жоқ.