Батыс елдері Түркияны өзінің маңызды серігі қатарында көреді. Қанша жерден дөң айбат көрсеткенімен, Еуропа мен АҚШ үшін Түркияның басқаларға айырбастамайтын маңызды орыны бар. Айталық, Түркия НАТО мүшесі ретінде, ұйымның шығыс шекарасын жауып тұр. Әрі, бұл шекара НАТО-ның ең басты қарсыластары – Ресей мен Ислам әлеміне шектеседі. Қара Теңіздегі Ресей күштерінің саны мен қуаты артқан сайын, Түркияның НАТО-дағы маңызы да арта түседі. АҚШ-тың да Таяу-Шығыстағы әскери қадамдарына да түрік елінің жәрдемі молынан тиеді.
Еуропалық Одақ үшін Түркия Шығысқа шығатын қақпа және маңызды сауда-экономика өткелі. Осы маңызды серіктестік, бір жылдары, Түркияны ЕО мүшесі болады деген болжамдарды айтқызған. Алайда, Ердоғанның авторитарлық билікке бет бұруы бұл процесті тоқтатып қойды. Анкара билігінің Еуропа ұстанымдарына жат әрекеттеріне қарамастан, ЕО мен Түркия серіктес ретінде қала берді.
Түркияның Еуропаға тигізген тағы бір шарапаты – миллиондаған сүриялық босқындарды Еуропаға жібермей ұстап қалуы. Сүрия соғысы басталғаннан кейін мекенін тастап қашқан босқындар шекарадан аса қашты. Әрине, шекаралас Түркия сүриялық босқындар үшін бірінші кезекте жан сауғалайтын ел болды. Осылайша, Түркия Еуропаны басып кетуі мүмкін 3,5 млн босқынды өз еліне ұстап қалды.
Ердоған үкіметі қазіргі кезде экономикалық және дипломатиялық дағдарысқа тап келіп отыр. Бұл өз кезегінде АҚШ-пен болған мәміленің салқындауына әкеліп соқты. Елдің экономикалық дағдарысының басты себебі сыртқы қарыздардың көптігі. Көне несиелерді жауып болғанша, жаңа қарыздардың өсімі түрік экономикасын тұншықтырып барады. Дегенмен, Түркия «Катар дағдарысында» Дохаға еткен «жақсылығының қарымжысын» өндіріп, Катардан қарыз алып, теңселген экономикасының аяғын дік бастырды. Дей тұрғанмен, сарапшылар бұл да түбегейлі шешілген мәселе емес екенін айтады.
Анкара мен Уашингтон арасындағы дипломатиялық дағдарыстың ең негізгі себептерінің бірі Фетхуллах Гүленге байланысты. АҚШ-тың осыдан бұрынғы және Трамп үкіметі кезінде де Анкара жағы Гүленді елге қайтарып әкеліп жазалауға құлшынып көрген. Бірақ, Ердоғанның бұл бұйымтайы АҚШ билігі жағынан тойтарылып келді. Кейіннен Түркия үкіметі Гүленмен қатысы бар деп айыптап Эндрю Брансон атты америкалықты тұтқынға алды. АҚШ өз азаматын босатуды талап етті және осыған байланысты атаулы санкциясын салды. Бұл санкция Түркияның онсызда қиын жағдайда тұрған экономикасына ауыр соққы болып тиді.
Түркия НАТО-дан шығып қала ма?
Түркияның Батыспен болған жанжалдары көбейген сайын, «Тараптардың қайшылығы шешім таба ма?» немесе «Түркия НАТО ұйымынан шығып қалмай ма?» деген сұрақтар сарапшыларға көптеп қойылды.
Шын мәнісінде, НАТО ұйымында өз мүшесін бір тарапты шешіммен шығарып тастайтын ереже жоқ. Ұйымнан шығу үшін Түркияның өз өтініші болуы керек. Қырғиқабақ соғыс жылдарында Түркия НАТО-ның Таяу Шығыстағы маңызды ойыншысы болды. қазірдің өзінде Ауғанстан мен Сүрия мәселесінде НАТО үшін маңызды ел.
Бірақ, Түркия бірнеше рет НАТО-ға әурешіліктерді де тауып берді. Айталық, Анкара мен Грекия арасындағы тарихи жанжалы ұйымның мазасын алып отыр. Сондай-ақ, Сүрия мәселесі басталғаннан бері қарай, түрік елі Таяу-Шығыстағы ықпалды ойыншыға айналып шыға келді. Оның үстіне Сүрия мәселесін шешу үшін Анкараның Мәскеуге жақындай түскені НАТО-ның қолқа-жүрегін солқ еткізді.
Құрама Штаттың ДАИШ-ке қарсы күрес кезінде, Сүриядағы Күрд қарулы күштеріне қолдау көрсеткені Анкараның әбден ашуына тиді. Түркия бұл құралды топтарды террорлық ұйым деп таныған. Әрі, ел ішіндегі террорлық ұйым ретінде жариялаған Күрд Жұмысшылар партиясының Сүриядағы бөлімшесі деп мәлімдеген. Бұл АҚШ пен Түркия арасында тіпті де солқылдақ, сенімсіз қарым-қатынасты келтіріп шығарды.
Сүрия соғысы басталғанда және ондағы күрд қарулы топтары күшейе түскен кезде, Түркия өзінің әуе қорғаныс қауіпсіздігіне НАТО жауапкерсіздік істеді деп айыптады. Әрі, осыны алға тарта отырып, ресейлік әуе қорғаныс жүйелерін сатып алды. Міне, осы жағдайлардан кейін Уашингтон мен Брюссель «Түркия сірә қаншалықты маңызды серіктес? Оны тізімнен сызып тастауға бола ма?» деген сауалдарға ашық келе бастады.
Еуропа мен Түркия арасы жақындай ала ма?
Уашингтон мен Анкара арасы ала тайдай бүлінген тұста, Еуропа мен Түркия жақындаса ала ма? Еуропа елдері Түркиядағы авторитарлық билікті сынап-мінеп, адам құқықтарының бұзылып жатқанын көбірек сөз етеді. Ал, экономикалық байланысқа келгенде түріктерге артық-ауыс сөзі жоқ. Себебі, Түркия ЕО экономикасы үшін маңызы бар мемлекет. Еуропалық көптеген банктердің Түркиямен байланысы тығыз. Биыл түрік лирасының құнсыздануы бірқатар еуропалық банктерді де шығынға батырып кетті. Тек бұлар ғана емес түрік пен ЕО арасын араздыққа жібермейтін себептер мен мүдделер жетерлік.
Жақында, түрік үкіметі екі грек әскери қызметкерін және Amnesty International ұйымының басшысын босатты. Сарапшылар, бұған қарап Ердоған үкіметі Еуропамен болған қарым-қатынасты реттеуге талпынады деп болжам жасады. Десе де, жақын арада ЕО-ға қосылмайтыны анық. Солай да, Ердоған дағдарыстан түбегейлі құтылудың жолын Еуропадан табатынын анық аңғарды.
2016 жылы Түркия Сүрия босқындарын Еуропаға жібермей ұстап қалды да, есесіне Еуроодақтан экономикалық көмек ала алды. Алдағы уақытта Сүрия үкіметінің Идлиб аймағындағы әскери әрекеттері қайта жанданады. Бұл босқындардың ағымын тағы күшейтеді дегенді білдіреді. Демек, Түркия Еуропаға тағы керек. Жаңа миграция ағымын тежеп, кезекті экономикалық дағдарыстан шығудың жолын Еуропадан таппақ. Бұған қарап, ЕО мен Түркия қатынасы АҚШ-Түркия қатынасынан дербес бағытта дамиды деген қорытынды айтуға болады. Сонымен, Батыс әлемі үшін Түркия не алыстауға болмайтын, не жақындауға болмайтын Таяу-Шығыстың ықпалды ойыншысы болып қалды.