Осыған дейін сайтымызда БҰҰ-ның Мьянма үкіметіне Роханджа мұсылмандарының геноцидіне қатысты кінә артып, мәлімдеме жасағанын хабарлаған едік. Енді Мьянма үкіметі БҰҰ-ның осы мәлімдемесімен келіспейтінін хабарлап отыр. Мьянма президенті кеңсесінің баспасөз-хатшысы сәрсенбі, 29 тамыз күні The Global New Light Of Myanmar басылымына осылай хабарлаған. Бұл туралы аталмыш басылымға сілтеме жасап france24.com/fr хабарлайды.

Оның айтуынша, «Үкімет адам құқығының бұзылуына бейжай қарай алмайды». «Егер адам құқығының бұзылуына қатысты қандай да бір жағдай болса, бізге нақты дәлел көрсетіңіздер. Яғни, біздің тергеу жүргізуімізге көмектесетін жазбалар мен даталар беріңіздер», - деген. Баспасөз хатшысы Мьянмада «БҰҰ агенттіктері мен өзге де халықаралық ұйымдар тарапынан жасалған жалған ақпарларға» жауап ретінде Тәуелсіз комиссия құрылғанын да хабарлаған. Ол, сондай-ақ Мьянмадағы адам құқықтарының бұзылуы туралы деректерді жинау жөніндегі халықаралық миссия БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің мақұлдауымен құрылғанын да хабарлады. «Біздің үкімет бүкіл дүниежүзіне БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесімен келіспейтінін ашық айтты. Сондықтан, Роханджа мұсылмандарының қуғын-сүргінге ұшырап, өлтірілуіне қатысты бізге тағылған айыпты жоққа шығарамыз. Бұны соншалықты сенімді түрде айтатындай БҰҰ өкілдеріне Мьянма территориясына кіруге де рұқсат етпедік» , - деді.

“The Qazaq Times”