Семей ядролық полигонында 1949 жылы 29 тамызда тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын.
42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана – 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған “Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы” Президент жарлығы шықты. 40 жылдан астам уақыттың ішінде полигон аумағында “мыңдаған Хиросима жарылған” еді.
КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында Семей полигонын ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен. Полигонда өткізілген ядролық және термоядролық жарылыстардың жалпы саны – 456. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, бақилық болды.
“Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы” Президент Жарлығына 1991 жылдың 29 тамызында қол қойылды. Бұл – өркениетті тұрғыда әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жөніндегі Қазақстанның маңызы зор тарихи құжаты.
Семей полигонын жабу туралы шешім біз Кеңес одағы құрамында болған кезде қабылданған еді. Одан ары сынақтар жүргізу үшін полигонды қалай болғанда да сақтап қалуға ұмтылған қуатты одақтың әскери командалық машинасының қарсылығын еңсеруге тура келді. Дегенмен, КСРО күйрегеннен кейінгі кезеңде біз әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға ие болдық , – деді Елбасы сол конференцияда.