«Amnesty International», «Human Rights Watch» және «Front Line Defenders» халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ресей президенті Владимир Путинді Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың істеріне тыйым салуға шақырды.

Рамзан Қадыров жақында «Мемориал» қоғамдық ұйымының жетекшісі Оюб Титиевке қатысты сот процесінен кейін, Шешенстан құқық қорғаушылар үшін «жабық территория» болады деп мәлімдеген.

«Соңғы он жылда Рамзан Қадыров Шешенстандағы өзгеше ойлайтын азаматтарды басып, құқық қорғаушылардың ізіне түсіп келеді. Шешенстанда адам құқықтары жиі бұзылады. Заңсыз соттап, азаптайды» делінген құқық қорғаушылар таратқан мәлімдемеде.

22 тамызда Қадыров Шешенстандағы құқық қорғау органдары алдында сөз сөйлеп, "елге Титиевтің сотына әлемнің әр түкпірінен "өздерін құқық қорғаушылармыз деп жариялаған" адамдар келеді" деп мәлімдеген. Қадыровтың сөздерінің толық мәтінін "Новая газета" жариялады.

«Amnesty International», «Human Rights Watch» және «Front Line Defenders» ұйымдары жариялаған ашық хатта құқық қорғаушылар Путиннен Қадыров істеріне тыйым салуын сұрап, Оюб Титиевті тез арада босатуды талап еткен.

“The Qazaq Times”