Австрияның Альпбахында үкімет басындағы және бұрынғы мемлекет, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жоғарғы деңгейдегі жыл сайынғы беделді саяси форум болып өтті. Еуропалық және жаһандық мәселелердің шешімін табуға арналған бұл шара өз алаңында әлемнің 100 мемлекетінен келген 5 мың қатысушылардың басын қосты.
Австрияның президенті Александр Ван дер Беллен, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун, Австрияның бұрынғы президенті Хайнц Фишер, Сербияның премьер-министрі Александр Вучич және тағы басқалар симпозиумның басты спикерлері болып табылды және олар ғаламдық тектоникалық саяси-экономикалық өзгерістер контексінде форумның өзектілігін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және жақында оның жанында құрылған Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты аталмыш шараға БҰҰ-ның жаһандық азаматтық және тұрақты даму бағытындағы бастамаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау мақсатында шақырылды.
ҚазҰУ «БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» жаһандық хабын 2014 жылдан бері басқарып келеді және бағдарламаның маңызды қағидаларын іске асыруда халықаралық деңгейде танымал көсбасшы болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым Мұтановтың «Университет 4.0 - жоғары білім берудегі жаңа кезең» атты баяндамасы форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды. Аталмыш бастама бұған дейін БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде мамыр айында өткізілген конференция барысында алғаш рет ұсынылған болатын. Осы қызметтегі айқын бағыт-бағдар мемлекеттік бағдарлама «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» болып табылады.
Жаңа университет моделінің миссиясы жастарды бойында әлемдік жоғары рухани-адамгершілік қасиеттері мен белсенді азаматтық ұстанымы бар ізгілікті азамат ретінде қалыптастыру. Форумға қатысушылардың атап өткеніндей, «Университет 4.0» жаңа моделі жаһандану жағдайында, сондай-ақ жаңа технологиялардың қарқынды дамуы кезеңінде ерекше маңызды.
Қазақстандық жоғары оқу орнының форумға қатысуының басты нәтижесі Ғаламдық азаматтық орталығы (Австрия), Тұрақты даму институты (Оңтүстік Корея) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою болып табылды. Құжатты Австрияның экс-президенті Хайнц Фишер, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұқанов (Қазақстан) қолдарын қойып бекітті. Келісім-шарт адамзаттың жаһандық мәселелері мен қазіргі заманның сын-тегеуріндерін шешуде тараптардың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.