Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай базар саудасы қызып, ата-ана қалтасының жұқаратыны белгілі. Биыл мектеп керек-жарақтарының бағасы қандай? Баланы мектепке дайындауда біраз шашылатын ата-ана қаржылық «сергелдеңге» төтеп бере ала ма? Осы сауалдардың жауабын іздеп, таңертеңмен жексенбілік базарға асықтым...
Базардың құж-құж қайнаған сауда болатын күні жексенбі ғой деп, сағат сегізде діттеген орында болдым. Таң қылаң бере іске кірісетін саудагерлер тастай дайын, киім-кешек бағасы да бұрынғыдан өзгерек. Киім жағында халық қарасы көрінбеген соң, базардағы бағалармен танысып шықтым. Кейбірінде ақ банттың бір данасы 200 тг, екіншісінде 500 тг. Бірінің үстіне бірі «мінгескен» мектеп формалары мен сан алуан бағадан басың айналады.
Базардағы бір айналымнан соң, сағат тілі 9-ға таяғанда, қос-қостан баласын жетектеген ата-аналар да көбейе бастады. Ақырын жүріп, аңдап басқан қадаммен үш бірдей баласын ертіп жүрген əйелдің жанына бардым. Өзінің «Алтын алқа» иесі екенін айтып, сатушымен саудаласып тұр: жейде бағасын түсіру үшін. Сатушы да киімді кеше қаншаға, бүгін қаншаға сатқанын айтып, ақталып əлек. Сатушының айтуынша, ұл бала (1-сынып) формасын 11 мың теңгеге əкелген. Базардағы саудаға сай, үстіне 2000 теңге қосқан. Барлығы 13 мың теңге тұратын түркиялық формаға пенжек, жилет, қос шалбар кіреді. Көңілі бағаға, қалтасы қыруар «қағазға» толмаған əйел кіші баласын жетектеп басқа контейнерлерді аралай бастады. Артынан ілесе жүріп, жақын таныстым. Сұрастыра келе, 7 баласы бар батыр ана Зүлфия Меметова сатушымен əңгімесінде «Алтын алқаны» неліктен айтқанын түсіндім. Жолдасының орташа айлық табысы – 80 мың, өзі 30 мың табады екен. Оның өзі кейде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кететін көрінеді. Екеуара қызу басталған əңгіме сұхбатқа ұласты.
– Биыл қанша баланы мектепке дайындап жатырсыз?
Төрт баламыз мектепте оқиды, жетеудің қалған үшеуі кішкентай. Үлкен ұл 11, қыздарымыз 9, 7 жəне ортаншы ұл биыл 3 сыныпқа бармақшы. Сол үшін төртеуін ертіп жылдағыдай киім қарап жүрміз.
– Сонда мектепке керек-жарақтарды жылда жаңалайсыздар ма? Бірінікін-бірі ауыстырып қолданса болады ғой...
Кейбір болады-ау дегендерін, əрине, қолданады ғой. Бірақ, қазіргі балалар жылдам өседі. Кейде «жаңасын кием» деп қиғылық салатындары да бар. Сол үшін негізгілерін сатып аламыз...
Осы кезде мектеп формалары мен спорттық киім қаз-қатар тізілген контейнерге біраз адамның арасынан итерісіп жатып кірдік. Қырғызстанда тігіліп, Қытайдан əкелінгендіктен, мұндағы кей форманың бағасы алдыңғыдан арзандау. Ұл бала формасы (шалбар, пенжек, жилет) – 8000, ақ жейде – 1800, галстук – 250-400. Қыз балаға сарафан – 3500, ақ банттың бір данасын – 150 теңгеден алуға болады. Бірақ, баласының қатарынан қалмауын қалайтын ата-ана жақсысын əперуге тырысады. Кішкентай Жүсіпке Түркияда тігілген мектеп формасын саудаласа отырып 12 мыңнан он мыңға түсірді. Бір оқпен екеуді атқан ата-ана спорттық киімді 6500-ге, жейдені 2500, сөмкені 2000 жəне футболканы 1800-ге алды. Бір жартысы толықты-ау деп, саудамен қатар екеуара əңгімені жалғастырдық.
– Жарайды, жылда мектеп формасы мен құралдарын аласыз делік. Ал баға көңіл көншітерлік пе? Алдыңғы жылдармен салыстырғанда айырмашылық қаншалықты?
Базардағы баға өзің көріп тұрғандай құбылмалы. Былтыр дəл осы үлгідегі форма 6 мың теңгеден басталатын. Сөмке 1500, қалың күнделік 270 тг-ден алдық. Биыл күнделік 350 тг, сөмкелер 2300-ден Айырмашылық бар. Біраз қымбаттаған. Мысалы, былтыр бір балаға 30 мыңды ары тартып, бері тартып жеткіздік. Оның өзінде кейбір заттары алынбай қалды. Қазір қалтаға 65 мыңды салып келдік. Кішімізге жетсе, үлкен қызға да біршама киім алармыз. Əлбетте, мұның бəрі отбасымызға ауыр түседі. Соны ескеріп, биыл енеміз 5-сыныпқа баратын қызды өзі киіндіретін болды. Ал үлкен ұлым ала жаздай жалданып жұмыс істеді. Қатарластарына айтуға ұят болғанмен, өзін-өзі киіндіріп жатыр. Еңбектің арқасында ақшаның қадірін де түсінді. Сөйтіп, жолдасым екеуіміз биыл екі балаға жақсылап ақша жұмсайтын болдық. Осы жағынан біршама жеңілдік болды.
– Көз қызығып алған киімнің құны мен сапасы сай келмейтін кездер де болатын шығар...
Əрине, Қырғызстанда тігілген киімдер арзан демесеңіз, тігісі үш-төрт аптадан киін-ақ сөгіліп кетеді. Ал түркиялық мектеп формасы жақсы киіс береді. Қымбат болса да, сапасы жақсысын аламыз ғой. Кем дегенде бір жарым жыл киіс берсе болды.
Əңгіме арасында кішкентай Жүсіпті де сөзге тарттым. Баланың сабаққа анау айтқандай ынтасы жоқ. Себебі, сабақтың жылдан-жылға қиындағанын аға-əпкелері жиі айтады екен. Егер болашақта жаратылыстану сабақтары түгелдей ағылшынша өтетін болса, балалар оқымақ түгілі, «мектеп» деген сөзді естуден қалатын шығар деп іштей ойладым.
Ой үстінде аяқ-киім сатылатын орынға да келіп қалыппыз. Бала екі бірдей спорттық үлгідегі аяқ-киімге жармасқан соң, бетін қақпай анасы сатып əперді. Бірін 4500, бірін 3500-ге алды. Негізгі киімді алып болған соң, 7 сыныпқа көшкен Заринаға киім іздедік. Ұл балаға қарағанда қызға киім іздеу қиынның қиыны. Үлкен базарды үш аралап, əйтеуір, ұнатқанын шертіп жүріп алды. Заринаға алған киім бағасы (кеңсе тауарларынан бөлек) мынадай: қара классикалық шалбар – 4500, юбка – 3800, жейде – 2900, жемпір – 4500, спорттық киім – 5000, екі футболка –4000 және Ресейде жасалған туфли – 5500.
Түс ауа кеңсе заттарын қарадық. Түрлі-түсті қалам, қағаз, өшіргіштің өзі де, бағасы да көздің жауын алады. Жазуға құштар Жүсіп дəптерлерді алуға талпынғанмен, бағасын көргенде тартынып қалды. Себебі, кеңсе тауарларының бағасы жылда 1%-ға артады екен. Қалта жұқалығына қарамастан, Зүлфия апай баласы мен қызына жеткенінше сатып алды. Баға мынадай: 600 теңгелік Maped түрлі-түсті қарындаштары, 70 теңгелік Maxriter қаламы – 5 дана, 70 теңгелік кітап мұқабасы – 10 дана, 15 теңгелік дəптер – 30 дана, 350 теңгелік қалың қағаз, 450 теңгелік пенал, 180 теңгелік сия өшіргіш жəне 350 теңгеге қарындаш.
Цифрлар сөйлейді
Статистика бойынша, 2017 жылдың сəуір айында жұмыссыздық деңгейі 4.9%-ды құраса, елдегі дағдарыс 0.1%-ға артқан. 2016 жылмен салыстырғанда, жұмыссыздық деңгейі 0.1%-ға азайған. 2018 жылғы шілдеде жұмыссыздар саны, бағалау бойынша 442,5 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады. Жұмыспен қамту органдарында 2018 жылғы шілде айының соңына 154,6 мың адам ресми тіркелген.
Жұмыссыздық – жығылғанға жұдырық болған өзекті мəселе. Баланы мектепке дайындауда Қазақстандағы көптеген отбасының қалтасы баға көтермейді. Осы тұста, базардағы бағасынан бөлек, Алматыдағы ірі сауда орталықтарының да бағасымен танысып көрдім. Кіргеннен аузым ашылып, көзім шаранасынан шығып кете жаздады. Мені «шошытқан» құн мынадай: сөмке – 49000 (15000-нан басталады), белдемше – 4990, қыз балалардың мектеп формасы – 19000, ұл балаға – 15990, пенжек – 7890 теңгеден басталады. Базардан негізгі айырмашылық – түгелімен дерлік шетелдік зауытта тігілген, естігенді қызықтырар фирмалық атаулар берілген (мысалы, «DELORAS»). Дүкендер желісіндегі формаларды қарауға келгенмен, сатып алғандардың қарасы көрінбеді. Келушілердің көбі көз қызықтырар форманы ұстап, суретке түсіп қайтты...
Сонымен...
Базардан сатып алған мектеп формасы мен өзге де заттарға барлығы – 64430 теңге жұмсалды. Бұл – екі балаға кеткен қаржының қосындысы. 3-сынып оқушысының өзіне 30 мың теңге жетпей қалуы əбден мүмкін. Егер кейіпкерге тосыннан көмек көрсетілмей, төрт балаға да қалтасынан қаржы жұмсаған жағдайда, жоғарыда аталған баға екі еселеніп кетер еді. Яғни ата-ананың бір айлық жалақысына үстеме қаржы қосу қажет.
Бала мен ата-ана арасындағы келісімнен соң, қалтада қанша ақшаның қалғанын есептесе, бары 570 теңге қалыпты.
– Несібеміз ғой. Бұған да шүкір. Енді анау-мынауымызды арқалап, үйге қайтамыз, – деп жымиды.
Езудің ар жағында «балаларым ешкімнен кем қалмасын» деген аналық лебіз бен «басқа дүниелерді алу үшін келесі айлыққа дейін шыдай аламыз ба?» деген сұрақ жасырынған сыңайлы. Қаржы тапшылығынан туған үрей мен үлкен істі тындырғандағы қуаныш қатар тұрғандай...