«Ерлік атаулының ішіндегі ең кереметі – еңбек ерлігі» депті Горький. Бірақ әлемді былай қойғанда, елімізде мұндай ерлік жасай алмай жүргендер көп. Осыдан бір жыл бұрын ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің бағалауы бойынша, 2016 жылы жұмыссыздар саны 439,3 мың адам болған, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған.
Халық жұмыспен қамтылып жатыр дегеннің өзінде бұл көрсеткіш аса қуанта қоймады. «Қазақ – жалқау халық» дегенді өзіміз емес, көшеде өзге ұлттан естігенде қорланады екенсің, расында. Қазақстанда сондай стереотип қалыптасып қалған. Шын мәнісінде солай ма? Егер «2016-2017 жылдары әлемде жұмыссыздар санының өсуі жалғасып, 200 миллионға жуық адамды құрайды» деген мәліметке сүйенсек, жалғыз қазақ емес екен жалқауланып не жұмыс таппай жүрген. Дегенмен факт бар.
Бүгін «The Sun» аталатын сайтта бір қызық жазбаға көзіміз шалынды. Сан-Францискодағы аймақтық теміржол желісін тазалаушы Лян Чжао Чжан есімді адам жылына 230 мың доллар табыс табады екен. Ойлаңызшы. 230 мың доллар! Бизнесмен емес, тазалаушы ғана.
Ер адам демалыссыз, аптасына 7 күн, 17 сағаттан жұмыс жасайды. Лянның негізгі жалақысы жылына 56 мың долларды құрайды, ал қалған 14 мың долларды компания оған бонус ретінде төлейді екен. Оның үстіне өз жұмысын артығымен істегендіктен (және уақытын ұзартқандықтан) оған тағы 162 мың доллар қосылады. 17 сағаттың небәрі 60-90 минутын ғана үзіліске пайдаланатын азамат кез келген жұмыстан бас тартпайтындығын айтады. Сондай еңбекқорлығының арқасында соңғы үш жылда 680 мың доллар еңбекақы алған.
Иә. «Екі қолға бір іс, ерте тұр да кіріс!» Адам баласы өзге адам істеп жүрген қызметті игере алмайды емес, игере алады. Қолдан келіп тұрған нәрсе ғой, тек бойдағы жалқаулық жібермейді. Көпке топырақ шашпаймыз. Себебі, Елбасының өзі айтқан: «Мен әрбір қазақстандықтың ертеңгі күні сенімді болуын қалаймын. Әр талпынған азаматтың жұмысы болуы керек, отбасын асырауға қажетті табысы болуы керек. Біз осыған көмектесуге тиіспіз. Көмектескенде оған беретін мемлекеттің тегін таратылып жатқан ақшасы жоқ. Өзбекте мақал бар: «Бекер отырғанша, бекер жұмыс істе» деген. Сондықтан да, біз де соны үйренуге тиіспіз. Қазақ жалқау деген анекдоттан құтылу керек!»
Рас. Өмір еңбексіз ештеңе бермейді. Еңбек ет! Өмір сүр!
«The Qazaq Times»