Бүгін Алматы қаласында қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбек азаматтық белсенділермен кездесіп, Қытайдағы қазақ мәселесі, елге келген қандастарымыздың жай-күйі жөнінде пікір алмасты. Министр мырзаның сөзінше, бұл кездесу жаңадан құрылған «Отандастар» қорының алдағы уақыттағы жұмыс бағытын анықтау үшін ұйымдастырылған және жиынға қатысқан азаматтық белсенділер мен журналистердің ұсыныстары мен талап, тілектері алдағы уақытта арнайы жол картасы болып қабылданады.
Саясаткер, Дос Көшім: « Қытайдағы мәселелерге байланысты бірінші ұсыныс, бұл тек қазақтардың басына түсіп жатқан дүние емес. Бұл сол жердегі аз ұлттардың барлығының басына түсіп жатыр. Менің ойымша, министрліктер сол жерде қысым көріп жатқан қырғыздарға, моңғолдарға, өзбектерге олардың мемлекеттері қандай іс-әрекет жасап жатыр соны анықтауы керек. Қазір Қазақстан дүрлігіп жатыр. Бұған мемлекет араласа бастады. Дәл осындай жағдайға көрші Қырғызстан қалай қарап, оған қандай шешімдер қабылдап жатыр? СУАР-дағы жағдайды екі-үш мемлекет бірігіп көтерсе көбірек әсер берер еді деп ойлаймын. Сондықтан осы мәселеге байланысты көрші мемлекеттермен байланыс орнатып, олардың не істеп жатқанын білсек. Екінші мәселе, зейнетақы мәселесі. Кезінде үш жылдай зейнетақыны Қазақстаннан алу мүмкіндігі болған. Қазір көбісі зейнетақы алуға барып ұсталып жатқан көрінеді. Сол себепті зейнетақы мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуді арнайы қарау қажет. Үшінші мәселе, бұл Қазақстанға қайтқысы келетін азаматтарға байланысты Қытай билігімен мемлекеттік деңгейде келіссөздер жүргізген дұрыс шығар.
«Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Омарәлі Ғаділбек: Жалпы, Қытай саясатында көп дүние жеке байланыс арқылы шешіледі. Сол себепті бірінші ұсынысымыз қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру. Біз былтырдан бері қазақтың дауын халықарлық дауға айналдырмау жөнінде айтып келеміз. Бұны екі елдің парламенті арқылы, сыртқы істер министрлігі арқылы шешсек өте дұрыс болар еді.
Журналист, Есенгүл Кәпқызы: Ең бірінші мәселе, тұрақты тіркеу мәселесі. Көп адамдардың құжаттарының бітпей қалуы дәл осы тұрақты тіркеудің болмауы. 2000 жылдармен салыстырғанда қазір бізде құжаттану өте қиынға айналды. 2000 жылдары екі ай ішінде ешқандай ықтиярхатсыз азаматтық беретін. Қазір бірінші ықтиярхатты береді, сосын барып азаматтық береді. Осы тұрақты тіркеу мәселесін барлығымыз бірігіп шешсек. Сосын білім саласына қатысты мәселелер жөнінде айтсақ. Қазір бұрынғыдай этникалық қазақтарға студенттік виза берілмейді. Бүгінде көптеген балалар осы проблемамен бетпе-бет келіп жүр. Бұрын шетелдік қазақтарға магистратураға тегін тапсыруға мүмкіндігі бар болатын. Бұны Мәсімов үкіметі кезінде алып тастады. Осыны білім заңына қайта енгізсек.
Саясаттанушы, Расул Жұмалы: Қазір Бейжің Қазақстанда Қытайға қарсы науқанның басталып кеткеніне алаңдап отыр. Оларда бұл мәселені басуға тырысып отыр. Бәлкім бұл болашақта бәсеңдейтінде шығар. Бірақ қытайландыру саясаты алдағы уақытта күшейетін болады. Сондықтан сол қысымды сәлде болса шегеру, азайту тұрғысында халық дипломатиясы сияқты тетіктерді пайдалансақ. Енді құжат мәселесіне келсек. Қазір әсіресе Қытайдан келген қазақтар құжат мәселесінде өздері шешуге мәжбүр. Кезінде Германия немістерді еліне апарарда Алматыда басқа қалаларда неміс үйлерін ашқан. Олар осы жерде немістердің құжаттарын жинап, тіл курстарын ашып барлығын дайындаған. Сол сияқты бізде Қытайдан келем деушілердің құжаттарын жинап, жүйелі түрде жұмыс істесек.
«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті, Жеңіс Түркия: Қазір Қытайда екі миллион қазақ бар. Ал жалпы әлемде бес миллионға жуық қазақ жүр. Бұл қазақтың бөлінбейтін бір бөлшегі. Ол тағдыр. Бұл Қазақстанның жағдайымен тікелей байланысты. Қазір Қытайда жүріп жатқан дүние үлкен саясаттың бір бөлігі. Көп жыл бұрын бұл саясат тибет мен ұйғырларда жүрді. Енді бұл қазақтарға келді. Қытайдағы елуге жуық ұлттың ішінде өзінің дәстүрін, тілін, дінін сақтап отырған осы үш ұлт. Бұл саясат жөнінде мемлекеттік деңгейдегі мекемелер жұмыс істесе. Қытайға жұмсақ саясат өтпейді. Кейбір жерлерде өз принціпіңде тұру керек. Қазір Қазақстанда этникалық қазақтар мен мигранттарға қойылатын заңнамалар араласып кеткен. Негізінде шеттен келген қазақтарға бөлек қарау керек.
«Қазбілім» орталығының жетекшісі, Аятжан Ахметжанұлы: Біздің ішкі заңнамаларға байланысты келген қандастардың балаларын әр түрлі оқу орындарына оқыта алмау жағдайы өте көп. Орта білімге келетін болсақ. Бұнда мектептің тіркелген өзінің микро учаскесі деген дүние бар. Келген қандастың тұрақты тіркеуге тұруына үш ай уақыт кетеді. Ал баланы мектепке алмайды. Бұның арты жемқорлыққа тіпті кейбір өңірлерде тұрақты бизнеске айналып кетті.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы, Рахым Айыпұлы: Көші-қонның бағы біраз жылдан бері жанбай ақ қойды. Жанбай ақ қоятын себебі біраз құқықтық кедергілер болды. Осыдан төрт жыл бұрын оралмандарға төрт жылдан кейін азаматтық береміз дедік. Ондан кейін оларды солтүстік облыстарға яғни арнайы облыстарға ғана жібереміз дедік. Адамдардың барлығын патриоттық сезіммен солтүстікке апаруға болмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Нұрлы көш" деген бағдарлама болған. Сонда оралмандарды «ұлттық және аймақтық көшбасшы қалалардың маңайына топтастыру» деген тармақ болған. Оларды босап қалған ауылдарға жіберу керек дегенмен келісу қиын.
Жиналыс қортындысы бойынша осы және басқа айтылған ұсыныс тілектер белгілі саясаттанушы Айдос Сарымға жиналып арнайы жол картасы негізінде министрлікке және құзырлы орындарға жіберілетін болып шешілді.