АҚШ санкциялары салдарынан күн санап құлдырап бара жатқан Түркия ұлтық валютасы мен экономикасын кім құтқарады?

Жыл басынан бері Түркия лирасы доллар алдында 45 пайызға құнсызданып, ел тарихында өзіндік антирекорд қойды. Ресми статистика бойынша, қазіргі таңда жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші 25% ал жалпы жұмыссыздық 11% шамасында.  Бұған қоса елдегі билік жүйесінің авторитарлық арнаға ауысуына байланысты шетелдік инвесторлардың саны да азайған. Түрік лирасы мен экономикасының осыншалықты деңгейге құлдырауына Ақ үй басшысы Дональд Трамптың АҚШ-қа Түркиядан келетін алюминий мен болатқа салынатын кеден салығын 50 және 25 пайызға өсіруі мен Түркия билігінің Уашингтонға жауап ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға салық көлемін арттыруы себеп болған.

Десе де, сарапшылардың пікірінше, АҚШ санкциялары тек кеден салығының өсуімен ғана байланысты емес. Бұл ұзақ уақыттан бері екі ел арасындағы кикілжіңнің нәтижесі. Атап айтқанда ресми Уашингтон Анкараның Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алуы мен Сүрияда жүргізіп жатқан әскер операцияларына қарсы және Түркия билігіне экономикалық қысым көрсету арқылы аталмыш бастамалардан бас тартқызуды көздейді. Ал Анкара болса, АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы күресте Сүрия күрдтерін қолдағанын өзінің террориялық тұтастығына қауіп төндіру деп есептейді.

Құлдырап бара жатқан Түркия лирасы мен экономикасын кім құтқарады?

Тамыз айының 15-і күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкара қаласына Катар шейхі Тамим әль Танимен кездесті.  Үш сағатқа созылған кездесуден кейін шейх әль Тани өзінің «Twitter» парақшасына: «Біз мұсылман әлемі мен Катар проблемаларын шешуде өзіндік орны бар Түркиялық бауырларымызды қашанда қолдаймыз. Президент Ердоғанмен өткен кездесуден кейін біз тұрақты өндіруші саласы бар Түркия экономикасына 15 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуға уағдаластық» - деп  мәлімдеді.

Жалпы, Катар шейхі Түркия АҚШ санкциясына іліңгелі бері Анкараға ат басын бұрған ең елғашқы лауазымды тұлға. Ресми Доха билігінің Түркияға осыншалықты деңгейде көмек қолын созуының себебі де жоқ емес. Естеріңізде болса, 2017 жылы Сауд Арабия бастаған Мысыр, Бахрейн, Йемен, БАӘ елдері Катарды терроризмді қолдады деп айыптап, барлық дипломатиялық қарым-қатынастарын үзген. Сол сәтте экономикалық қоршауда қалған Катарға Түркия гуманитарлық көмек жіберіп, артынша аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елге әскер кіргізген. Сарапшылар пікірінше, Катардың 15 миллиард доллар көлеміндегі көмегі сол кездегі Түркия билігінің қолдауына қарымта жауап.

Катардан бөлек құрдымға кетіп бара жатқан Түркия экономикасына Пәкістан халқыда көмек қолын созуда. Олар соңғы айлары құлдырудан көз ашпай келе жатқан түрік лирасын жаппай сатып алуда.

Үмітінен күдігі басым қарым-қатынас

Сарапшылар пікірінше, АҚШ пен Түркия қарым-қатынасы алдағы уақытта жақсара қоюы екі талай. Себебі Анкраның «доллардан толықтай бас тартамыз» деген мәлімдемесі мен Уашингтонның «санкциялар тізімін қатайтамыз» деген мәлімдемесі соған мәңзейді. Оның үстіне Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ақ үй басшысы Дональд Трамптың саяси диалогтан қарағанда қызу қанды монологқа жақын екендігін ескерсек, Анкара мен Уашингтон жақын аралықта келісімге келмейтіні анық.

"The Qazaq Times"