Әлемнің әр түкпірінен келген 2 миллионнан астам мұсылман Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына жиналып, қажылығын бастады. Жексенбі күні қажышылар әл-Қарам мешітіне орналасқан Қағбаны айналып, биылғы жылдың бес күндік қажылық рәсімін бастады.
Сауд әкімшілігі бұрынғы қажылық кезіндегі оқиғалардың қайталанбауы үшін қауіпсіздік шарасын күшейткенін мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше қауіпсіздік күштерінің санын 100 мыңға жеткізген. Кез-келген жағдайдың туылуының алдын алу үшін бірқатар қауіпсіздікті сақтау шаралары қабылданған.
Сауд Арабиясының ІІМ баспасөз хатшысы әл-Терхи сөзінде: «Сауд Арабиясының және ол басқаратын коалиция күштері де қасиетті орынға қауіп төндіретін сыртқы күштерге қарсы тұруға дайын», – деді.
Естеріңізде болса, 2015 жылы қажылық кезінде 2400-ден астам адам бастырылып өлген болатын.
Қажылық жасау әлемдегі барлық мұсылмандарға парыз етілгенімен, Сауд Арабиясының билігі кейбір елдерден келетін қажыларды қақпайлаған кезі де болған. Айталық, аймақтың саяси қайшылығына байланысты былтыр катарлық қажышыларды шекарасынан кіргізбей қойған еді. Бұдан тыс, Иран және Йемен қажышылары да Сауд Арабиясы үкіметі жағынан тосқауылға ұшырайды.
Сауд Арабиясы тарихында қажылық жасау және қажылық экономикасына бірнеше рет реформалар жасалған. Сауд билігі қажылық экономикасын ашық жария етпегенімен шамамен әр жылы қажылықтан 10 млрд АҚШ долларына жуық қаржы құйылатыны мәлім.